Туризм • Бүгін, 08:33

Алакөл ажарланып келеді

8 мин
оқу үшін

Жыл сайын Алакөлдің айдынына асыққан жұрттың қарасы қалыңдап келеді. Сол тұрғыда жайдары жаз, шомылу маусымы қарсаңында көл жағалауын жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілді. Жағалауды бекіту, кәріз жүйесін тарту, тазарту қон­дырғыларын салу, электр қуатын күшейту, санитарлық жағдайлар едәуір жақсарды. Биыл мұнда 2 млн турист емін-еркін қонақ болады деп жоспарланып отыр.

Алакөл ажарланып келеді

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Жаңарған жағалау, заманауи жүйе

Көл жағасында толқынмен арпалысқан жағалауды қорғайтын арнайы бекіту бөгеттері тұрғызылды. Кейінгі жылдары қыс мезгіліндегі ірі мұз массалары мен қатты желден көтерілген толқындар жағалауды шайып, демалыс орындарына қауіп төндірген. Осыған байланысты облыс әкімдігі Алакөл жағалауының 13 км аумағын қамтитын ауқымды қорғаныс жобасын қолға алды. Көктұма ауылында 960 метр, Ақши ауылында 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.

– Жағалауды нығайту бөгетінің құрылысы былтыр басталды, биыл жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір қо­сымша адам күші мен техника жұмыл­дырылды. Жұмысшылар санын 150-ге, техника санын 300-ге жеткіздік. Бұл – желді күндері көл толқыны екпінінің жағалауды шайып кетуін болдырмау тұрғысында қолға алынған жоба, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Арман Жүнісқалиев.

Алакөлдің басты мәселелерінің бірі болған кәріз, ағын су жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ақши ауылында 69 км кәріз желісінің құрылысы толық аяқталды. Ақши мен Көктұма ауылдарынан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи тазарту қондырғылары салынып жатыр. Қуаты тәулігіне 6500 текше метр болатын нысан биыл қазан айына дейін толық инженерлік желілерге қосылады.

– Құрылыс жұмыстары 2025 жылы мамыр айында басталды. Қазір жұмыстың 30 пайызы аяқталды. Осы жерде Ақши мен Көктұма ауылдарынан шыққан кәріз қалдықтары тазартылады. Жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Самат Ыбырай.

Шомылу маусымы қарсаңында көл жағалауына қосымша 100 қоқыс кон­тейнері, 40 киім ауыстыратын орын, 40 биодәретхана, 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырым буй желілері, 8 пирс орнатылды.

– Былтыр Алакөлдің жағалауындағы Бескөл мен Ақши ауылдары арасында 57 км электр желісі мен 2 қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақши ауылында кәріз жүйесін салу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы бірінші кезеңі жасалып, кәріз құбырлары толық салынып бітті. Қазірде көл жағалауын бекіту бөгеті құрылысының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, екінші кезеңі жөніндегі жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жүзу құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста Жалпы су пайдаланудың қағида­лары бекітілді, – деді өңір басшысы Б.Исабаев.

ж

Айналаның ажары – тазалығы

Бүгінде Алакөл жағалауында комму­налдық инфрақұрылым жаңарып, тазалық жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, жағалауды тұрақты күтіп ұстау мақсатында арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, оның материалдық-техникалық базасы 21 бірлік арнайы техникамен толықтырылған. Енді көл жағалауындағы қоқысты шыға­ру, қоғамдық аумақтарды тазалау, жаға­жайларды күтіп ұстау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлының айтуынша, көл жағалауының келбеті жылдан-жылға жаңарып келеді.

– Алакөлге келетін туристердің саны артып отырғандықтан, жағалаудағы қызмет көрсету сапасын да үнемі жақсартып ке­ле­міз. Биыл «Алакөл Тазалық» мекемесі құ­ры­лып, тазалық жұмыстары бір жүйеге түсті. Ең бастысы, көл жағалауы жыл сайын жаңа­рып, демалушыларға қолайлы әрі қауіп­сіз аймаққа айналып келеді, – дейді аудан әкімі.

Айта кетерлігі, Алакөлге жету де бұрын­ғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Жалпы ұзындығы 488 км болатын «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» автомобиль жолдары қайта жаңғыртылып, көлік қа­тынасы едәуір жақсарды. Үшарал әуежайы­ның ұшу-қону жолағы жөнделіп, ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалды. Қазір әуежайды қайта жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. Өткен жылы әуежайдан 18 мың адам ұшқан. Сонымен қатар Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Павлодар, Қызылорда қалаларынан Алакөл бағытына 12 пойыз қатынайды. 2023 жылдан бері «Астана – Достық» бағытында «Тальго» пойызы жүреді.

– Теміржол қатынасы да кеңейіп келеді. Биыл Алакөл бағытында 12 теміржол мар­шруты жүзеге асырылады. Ақши стансасы арқылы 6 бағытта тұрақты пойыздар қатынайды. Былтыр тәулігіне 500-800 жолаушыны қабылдадық. Биыл меймандар саны артса да, вагон жеткілікті. Қажет болса жаңа бағыт ашуға мүмкіндік бар, – дейді Ақши вокзалының директоры Жанар Ыбырайханова.

Бүгінде Алакөл жағасында 277 туристік нысан жұмыс істейді. Тек 2025 жылдың өзінде 17 жаңа туристік нысан пайдалануға берілген. Бұл – өңір туризмінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. 

Қауіпсіздік – басты назарда

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған емес. Ақши ауылындағы құтқару бөлімшесінде 13 құтқарушы мен 11 моторлы қайық тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жаздың аптап күнінде көлге ағылатын жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару мұнаралары көбейтілді.

Көл жағалауындағы қоғамдық тәртіпті сақтау тұрғысында биыл жазғы маусымда жалпы 50 полиция қызметкері жұмылдырылып, тәулік бойы патрульдік қызмет атқарады. Оның ішінде Ақши ауы­лында 40 полиция қызметкері жұмыс істесе, Көктұма ауылында 2 маман жаяу патруль, автопатруль, дрон арқылы бақылау жүргізеді. Ақши ауылдық учаскелік полиция пунктінде қосымша 8 қызметкер резервте болады. Сонымен қатар жағалау бойына орнатылған 39 бейнебақылау камерасы арқылы қауіпсіздік бақылауы күшейтілген. Камералардан түсетін бейнежазбалар облыстық полиция департаментінің мобильді байланыс кешеніне, қажет жағдайда Жедел басқару орталығына тікелей жолданады. Бұл демалушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

– Денсаулық сақтау саласында да дайындық күшейтілген. Ақши, Көктұма ауылдарындағы дәрігерлік амбулато­рия­лар жазғы маусымда тәулік бойы қыз­­мет көрсетеді. Бұл – туристер көп шоғыр­ланатын аймақта жедел медици­налық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам, – дейді аудан әкімі.

Жетісу облысы құрылғалы бері ­туризм саласына ерекше басымдық беріліп келеді. Кейінгі жылдары туризмді дамы­­ту­ға бөлінген қаржы облыстың даму бюджетінің шамамен 30 пайызын құра­ды. Қаржы инфрақұрылымдық жол, электр желісі, т.б. маңызды жоба­ларға бағытталды. Былтырғы жыл қорытын­дысында туристік нысандардың саны 18 пайыз­ға өсті. Туристер саны 11 пайызға көбейіп, Жетісуға келушілер қатары 2 млн-ға жетті. Алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың саны 60 пайызға артты.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022–2025 жылдары өңірде жалпы 60 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 2026–2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, тағы 21 инвестициялық жоба қолға алынады. Бұл бастамалар Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі заманауи туристік орталыққа айналдыра түспек.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар