Мемлекет басшысы бала өмірін сақтап қалған дәрігерлердің қажырлы еңбегін үлгі етті.
«Еліміз сапалы әрі қарқынды түрде өсіп-өркендеуі үшін азаматтарымыздың тәні де, жаны да сау болуға тиіс. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сіздер осы ізгі мақсат жолында аянбай қызмет етіп жүрсіздер. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Азаматтарымыз өздерінің арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін, сондай-ақ жылы лебізін білдіріп жатады. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған төрт жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман қазір ортамызда отыр», деді ол.
Осы орайда Президент кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс екенін айтты.
«Мемлекет осындай отаншыл, адал азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеді. Мен бүгін отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқаны және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бұл марапатты ең алдымен, халықтың дәрігерлер қауымына деген шынайы құрметі, зор алғысы деп қабыл алған жөн. Баршаңызға құтты болсын!», деді Президент.Тоқаев: Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты 4 есе қысқарды
Еске сала кетейік, Ақордада медицина қызметкері күніне орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, арнайы сөз сөйледі. Президент өз сөзінде медицина саласы мамандарына ел дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жалпыұлттық референдум кезінде белсенділік танытқан дәрігерлерге ризашылығын жеткізді.