Сурет: kk.wikipedia.org
Жыл сайын Есіл өзенінің жағалауы мен 13 көлдің бойында жалпы саны 61 жағажай ұйымдастырылады. Өткен жылы осы демалыс орындарының барлығы қатаң бақылауда болып, қауіпсіздік талаптарының сақталуының арқасында өңірде суға кету фактілері тіркелген жоқ.
Облыс орталығы – Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Есіл өзенінің жағалауында және қала іргесіндегі Пестрое көлінің маңында екі арнайы жағажай жұмыс істейді.
Алайда 2024 жылғы алапат су тасқыны Есіл өзенінің арнасы мен жағалауындағы табиғи жағдайға елеулі өзгерістер енгізді. Күшті ағыс салдарынан жағалаудың кейбір бөліктері шайылып, тереңдігі алты метрден асатын жаңа су айдындары пайда болған. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қауіпті учаскелерді шомылуға пайдалануға уақытша шектеу енгізуді ұсынған.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренованың айтуынша, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған аумақтар облыстағы су пайдалану қағидаларына сәйкес белгіленеді.
– Қазіргі уақытта су айдындары аумағында қажетті ақпараттық стендтер, ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек арнайы жабдықталған орындарда ғана демалуды сұраймыз, – дейді Қалия Төренова.
Бүгінде жағажайларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, демалыс орындарына төсеніштер төселіп, жаяу жүргіншілерге, жүгірушілер мен велосипедшілерге арналған жолақтар салынуда.
– Демалыс аймақтарының инженерлік және қоғамдық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жетілдіріледі. Сонымен қатар келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқару қызметі мен полиция бөлімшелеріне арналған модульдік ғимараттар орнатылады, – дейді әкім орынбасары.
Жаз мезгілінде өңірде туристік маусым да қыза түсетіні белгілі. Осыған байланысты туризм саласының дайындығы мен даму көрсеткіштеріне де назар аудардық. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризм саласына жауапты бөлімнің басшысы Қанат Шамсутдиновтің айтуынша, өңірде туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді.
– 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 165 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал туризм саласында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 27,4 пайызға өсіп, 3 миллиард теңгені құрады, – дейді Қанат Шамсутдинов.
Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 6,7 мың төсектік орыннан асатын 126 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Өңірде туризмді жыл бойы дамытуға, туристік инфрақұрылымның сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Солтүстік Қазақстандағы негізгі туристік орталықтардың бірі – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Ол Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан. Бүгінде мұнда үш мыңнан астам төсектік орынға арналған 48 демалыс базасы жұмыс істейді. Оның ішінде 10 нысан келушілерді жыл бойы қабылдайды. Ұлттық парк мәліметіне сәйкес, 2025 жылы курорттық аймаққа 61,6 мың адам келген.
Курорттық өңірдің инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 1,8 миллиард теңгеге 20,6 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар туристік нысандарды сапалы байланыс және интернет желісімен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.
Қазіргі уақытта 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, нәтижесінде жеті демалыс базасы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды. Алдағы уақытта тағы 12 шақырым оптикалық кабель тарту жоспарланып отыр.
Туристердің қауіпсіздігі де басты назарда. Осы мақсатта Имантау және Шалқар көлдерінің жағалауында екі заманауи модульдік құтқару бекеті орнатылған. Жалпы, курорттық аймақта 35 су-құтқару бекеті жұмыс істейді.
Сонымен қатар өңірде туристік полиция қызметі құрылды. Қазіргі уақытта Шалқар және Имантау көлдерінің маңында туристік полицияның тағы екі модульдік бекетін орнату мәселесі қарастырылуда.
– Курорттық аймақта абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. Демалушылар үшін санитарлық-гигиеналық тораптар жұмыс істейді, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер орнатылған. Сондай-ақ демалыс орындарының санитарлық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады, – дейді Қанат Шамсутдинов.
Өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстардың қатар жүргізілуі жазғы демалыс маусымын сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде Солтүстік Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіз әрі жайлы демалысына жағдай жасап келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы