Оқиға • Бүгін, 09:34

Қазақстан азаматтарының жеке деректерін сатқан халықаралық топ ұсталды

2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехияның полициясымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық арнаны жойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан азаматтарының жеке деректерін сатқан халықаралық топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, жедел-іздестіру жұмыстары, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді.

«Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді», деді Жандос Сүйінбай.

Жеке деректеріңіз таралып кетті ме? Енді оны арнайы тізілім арқылы тексеруге болады

ІІМ мәліметінше, қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған. Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған.

«Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.

Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады» деді Жандос Сүйінбай.

Жаңа заң: Жеке деректерді заңсыз пайдаланған нотариустар лицензиясынан айырылады

Соңғы жаңалықтар