Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл байқауға еліміздің әр өңірінен келген 242 оқушы қатысты. Сондай-ақ «21 NIS мектебі» мен «International Steppe School of Astana» мектебі де бақ сынады. Мазмұнды іс-шара шымылдығын дәстүрлі әнші, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Қайрат Байбосынов ашты.
Фестиваль мюзикл, әлеуметтік бейнеролик, Sand Art және қолөнер бағыттары бойынша өтті. Мәселен, мюзикл шартында оқушылар өнер мен технологияны шебер үйлестіріп, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы сахналық қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар қазақ халық ертегілері, аңыздары және классикалық шығармалары да заманауи үлгіде көрініс тапты.
Әлеуметтік бейнероликтерде оқушылар қоғам алдындағы жауапкершілік, еріктілік, азаматтық белсенділік пен адамгершілік құндылықтарды арқау етіп, өз ойларын жаңа форматта жеткізе білді.
Ал «Sand Art» бағытында жас таланттар «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасына енген шығармаларды құм бетінде бейнеледі. Салынған әр туынды белгілі бір оқиғаны баяндап, әдеби туындыларды жаңа қырынан танытты.
Жобаға қатысушы Назым Әлімбекова құмға сурет салу өнерімен алғаш айналыса бастағанда, оның құпиясын аңдай алмаған. Алайда уақыт өте келе ол бұл өнердің ерекше қырын танып, еркіндік пен шабыт алғанын айтады.
Ал қолөнер бағыты ұлттық құндылықтар мен шеберлікті көрсететін алаңға айналды. Қатысушылар ағаштан, матадан, теріден, саз балшықтан, моншақтан жасалған бұйымдарды ұсынып, ұлтымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеді. Кесте тігу мен канзаши техникасында орындалған жұмыс та көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жастардың таланты мен шығармашылық ізденісін айқын көрсетті. «Мен үшін бұл арт-фестиваль тек қана еліміздегі NIS мектептері тоғысатын шара ғана емес, бірлік пен ынтымақтастық нығаятын орта. Сонымен қатар балалардың қабілетін ашуға, өз өнерін көрсетуге мүмкіндік беретін шығармашылық алаң», дейді 7-сынып оқушысы Саят Химеденов.
Байқау қорытындысында әр бағытта үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздарды өнер майталмандары марапаттады.
Фариза ІЗБАСАРОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті