Үкімет • Бүгін, 07:40

Жеңіл өнеркәсіпті өркендету жайы пысықталды

2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасына енгізілген кәсіпорындарды жергіліктендіруді арттыру туралы келісімдердің тетігі мен қарсы міндеттемелері қаралды.

Жеңіл өнеркәсіпті өркендету жайы пысықталды

Сурет:primeminister.kz

7 бөлім мен 30 іс-шарадан тұратын Кешенді жоспар жобасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорынын қолдаудың орта және ұзақмерзімді шараларын қамтиды. Негізгі орта мерзімді шара қатарына кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту, мемлекеттік сатып алу тетігін жетілдіру және отандық өндірушілерге тең бәсекелестік жағдай жасау жатады.

Сатып алу рәсімін жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорынының өндірістік циклі ерекшелігіне бейімдеуге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудағы өнімді жеткізу мерзімін ұлғайтудың мүмкіндігі пысықталып жатыр.

Ұзақмерзімді шаралар шеңберін­де шикізат пен дайын өнімді толық қадағалау жүйесін, сондай-ақ өндірісті жергіліктен­діруді арттыру  келісімі тетігін енгізу мәселесі қаралды. Ұсынылып отыр­ған тетік мемлекет пен сала­дағы кәсіпорындар арасында келісім жасауды қарастырып, бұл ретте компаниялар қарсы міндеттемелерді өзі қабылдаған кезде қосымша қолдау шарасын ала алады.

Атап айтқанда, келісімде өндіріс көлемін ұлғайту, жергіліктендіру деңгейін арттыру, қызметкерлердің жалақысын арттыру, персоналдың біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және мүгедек адамдарды жұмысқа орналас­тыру міндеттемелерін бекіту жоспарланып отыр. Осындай келісім жасасқан кәсіпорындар үшін арнайы инвестициялық келісімшартты, жеңілдікпен қаржыландыруды және өзге де ынталандыру тетігі секілді мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігі көзделеді.

Талқылауды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мүдделі мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне маусымның соңына дейін ұсынылған тетіктерді пысықтап, келісілген ұсыныстар беріп, оларды Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары шеңберінде одан әрі іске асыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05

Ертіс суы азайып барады

Мәселе • Бүгін, 08:50