Көшпелі отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық Құрылтайда және Қазақстан халқына Жолдауларында берген өңірлік ғылымды дамыту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты – Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуындағы өзекті мәселелерді талқылау және өңірдің өнеркәсіп, экология, сумен қамтамасыз ету, геология, энергетика және әлеуметтік саладағы стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау болды.
Көшпелі отырысқа Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Н.Кәріпбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова, ҚХР Ганьсу провинциясы түсті металдарды геологиялық барлау басқармасы бастығының орынбасары Лю Юнган, ҚХР Ланьчжоу университетінің Геология ғылымдары және минералдық ресурстар институты директорының орынбасары, профессор Дай Шуан, «Қазақмыс корпорациясы» Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржанов, Ұлттық ғылым академияның академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының бірінші басшылары, өңірдің ірі өнеркәсіп, бизнес өкілдері мен жетекші ғалымдар қатысты.

Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде өңірлік ғылымды дамыту – өңірлердің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсімінің негізгі факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ғалымдардың 61 пайызы мен ғылымды қаржыландырудың 71 пайызы Астана және Алматы қалаларында шоғырланған, сондықтан өңірлік ғылымды күшейту уақыт талабы болып отыр.
Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген «Ашық қолданбалы ғылым» моделі ғылыми зерттеулердің толық циклін қаржыландыруға бағытталған. Бұл модель Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инновацияларды дамыту тұжырымдамасының құрамдас бөлігіне айналды.
Академия жүргізген форсайттық зерттеулердің нәтижелері бойынша Ұлытау облысында ғылыми күн тәртібі минералдық шикізатты кешенді өңдеу, геологиялық барлау мен металлургияны цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын басқару және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми сүйемелдеу бағыттарына шоғырлануға тиіс.
Ұлытау үшін заманауи аэрогеофизикалық технологиялардың, 3D модельдеудің және жасанды интеллект құралдарының маңызы ерекше екені атап өтілді. Осыған байланысты Академия Critical Minerals TechNet (2027–2031 жж.) флагмандық бағдарламасының ғылыми-техникалық тапсырмасын әзірледі. Бағдарлама сирек және стратегиялық металдарды барлау мен игерудің ұлттық цифрлық контурын қалыптастыруға бағытталған.
Отырыс барысында Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарымен технологиялар трансферті және тау-кен металлургия кешенін дамыту, геологиялық барлау жұмыстарын цифрландыру, аэро-геофизикалық зерттеулер жүргізу, заманауи барлау әдістерін енгізу, 3D модельдеу, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, техногендік минералдық шикізатты қайта өңдеу және стратегиялық маңызы бар металдарды өндіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Академия сондай-ақ су ресурстарын жасанды интеллект көмегімен басқару, жаңа материалдар, агробиотехнология және фармацевтика бағыттары бойынша флагмандық бағдарламаларды әзірлеп жатыр.
Көшпелі отырыс барысында Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттары мен отандық ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу тетіктері қарастырылады.
Отырыста бұдан бөлек бірқатар бағыттағы мәселе талқыланды:
Тау-кен өнеркәсібі және металлургия – минералдық шикізатты терең өңдеу, өндіріс тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және ресурс үнемдеуші технологиялар;
Стратегиялық, сирек және сирек жер металдары – жаңа материалдар, энергетика, электроника және жоғары технологиялық өндірістер үшін ғылыми-технологиялық базаны қалыптастыру;
Геология және жер қойнауын ұтымды пайдалану – ұшқышсыз ұшу аппараттары негізіндегі аэро-геофизика, геологиялық деректерді цифрландыру, кен орындарын болжау, 3D модельдеу және машиналық оқыту мен жасанды интеллект негізіндегі интерпретация;
Экологиялық және су қауіпсіздігі – қалдық сақтау орындарының мониторингі, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, су ресурстарын басқару және техногендік жүктемені төмендету;
Агроөнеркәсіптік кешен және мал шаруашылығы – селекция, жемшөп өндірісі, ветеринариялық қауіпсіздік, жайылымдарды басқару және цифрлық мониторинг;
Адами капитал және өңірлік ғылыми инфрақұрылым – кадрлар даярлау, ғылыми консорциумдарды дамыту, форсайт-орталық құру және ғылым, білім, әкімдік пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Ғылыми бас қосудың қорытындысы бойынша Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуын жеделдетуге, инновациялық шешімдерді өндіріске енгізуге, экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды.
Сондай-ақ Жезқазған қаласындағы «Kazakhmys Barlau» ЖШС Геологиялық кластері базасында Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт-орталығы ашылды.
Ұлытау облысы