Алдымен «The Craiova International Shakespeare Festival» – ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармашылық мұрасын заманауи тұрғыда зерделеуге, театр өнерін дамытуға, тәжірибе алмасуға бағытталған ең айтулы халықаралық театр алаңдарының бірі екенін айта кету керек. Бұл фестиваль 1994 жылдан бері Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы ұлттық театрдың бастамасымен араға жыл салып өтіп келеді. Биылғы өнер додасында әлемнің 28 елінен келген 90 шақты шығармашылық ұжым тоғысып, он күнде көрермендерге шамамен 300 мәдени іс-шара ұсынылған.
Алматыдағы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры айтулы шараға 2025 жылы Францияның Авиньон қаласында өткен халықаралық «Off Avignon» театр фестивалінде шақырту алған. Онда да театр мамандарының назарын «Ромео мен Джульетта» спектакліндегі ерекше камералық интерпретациясы арқылы аудартқан.
Әлемге әйгілі махаббат хикаясы 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанса, қойылымның хореографы Анна Цой мен қоюшы-суретшісі Юлия Чернованы да атап өту ләзім.
«Ромео мен Джульетта» спектаклі бұған дейін де Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және еліміздегі халықаралық театр фестивальдарында жоғары марапаттарға ие болса, Крайова қаласындағы қойылымда Ұлан Адамбаев, Бота Табылдиева, Мақсат Камалов, Шохан Құлназаров, Эльмира Құмарова, Арайлым Байырбекова сынды актерлер өнер көрсетті.
Крайовадағы көрсетілім көрерменнің үлкен қошеметіне бөленгенін лық толы зал мен спектакль аяқталғаннан кейінгі ұзақ қол шапалақтаудан білуге болады. Әртістердің шынайы ойыны, қуыршақ жүргізудегі шеберлігі, икемділігі мен хореографияның үйлесімді үндестігі, сондай-ақ сценографиялық шешімнің тұтастығы театр мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Фестиваль қонақтары мен халықаралық театр қауымдастығының өкілдері қазақстандық қуыршақ өнерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтті.
Көрсетілімнен кейін театр ұжымы 2027 жылы Румынияда өтетін «The International Theatre Festival «Elvira Godeanu» халықаралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алды.
АЛМАТЫ