Үлкен дүкеннің маңы. Көлігімнен түсе бергенімде өте бір өрескел көрініске тап келдім. Бір шілтиген бозбала ұзын бойлы, кең иықты, оңды киінген, жігіт ағасы жасына келген кісіге тұра-тұра ұмтылады. Бала қораз секілді одыраң-одыраң еткен бозбала жүдә қояр емес. Дауысы ащы, әдепсіз сөзге де жүйрік көрінеді. Қарсыласы екпінсіз, қимылы жасық, жүні жатық. Бір нәрсені айтып күмің-күмің етеді байғұс. Бір айыбы бар екені анық. Құдайға жазып қойғаны бара-ау шамасы. Бірақ пәлендей бұзақылық, тосын мінез көрсететіндей кісі емес тәрізді. Білмеймін ғой.
Ойламаған жерден кезіккен бұл көрініс маған екеуіне араша болу міндетін жүктеді. Қойыңдар дедім. Араға түстім. Сол сәтте ту сыртымнан бір әйелдің шаңқ еткен бұйрықты зәрлі дауысы денемді дір еткізді: «Сен араласпа, данышпансымай аулақ кет, бұлар әкелі-балалылар, өздері шешеді мәселелерін». Дауыс шыққан жаққа жалт қарасам етжеңді, тапал келген, басы қауғадай, шашы қызғыш, маймиған аяғын тырсита киген шалбары әйгілеген әйелді көрдім. Ол маған сұқ саусағымен жол көрсете тұрып үстемелей: «килікпей кетіңіз, көсемсігендерден қалдық қой бұл... көрсін ұрланып-жырланып ішуді қоймағанның соңы қалай болатынын, сөйтіп жесін таяқты өз баласынан», деді. Сырғалығы мен он саусағына қажетін іліп, тағып алған әйел адуынды көрінді. Оның мына сөзінен бәрі белгілі болды: Әйел ішкен күйеуіне баласын айдап салған. Ұрланып-жырланып жүріп ішкеніне жазықты болған жігіт ағасының жүзі төмен, шешесіне арқа сүйеген өз ұлына қылар қайраны жоқ, тек, өз белінен шыққанның үкім оқығысы келгеніне қарсылық көрсеткінсіп міңгірлейді. Одан аса алмай пұшайман күйде тұр. «Әке-шешең жынды болса ұрып өлтір» деген заман келгенін, «әке-шешең жынды болса байлап бақ» деген заман, бәлкім түсінік кері шегінгенін қайдан білсін ол жазған... Бар билік адуындының қолында... Осылайша, арсыздықты айбар етер кейбір әйелдердің жиынтық образын көрдім...
Содан көп өтпей аэропортта таныс-бейтаныс екі кісімен ұшыраса кеттім. Екеуі амандық-саулық сұрасқаннан кейін өзара әңгімелерін жалғады.
– Әйел билеген, көсемсіген, өңмеңдеп, әкіреңдеген заман болды ғой бұл... – деді бірі.
– Ақылы асса, жөні келсе көсемсісін. Несі бар? Қазақтың бағына туған аналарымыздың билік айтқанынан азған жұрт көргенім жоқ, – деді екіншісі.
– Мен қоғамда әйелдік жөнін білмей өзеуреген, тасыраңдаған әйелдердің үні, іс-әрекеті басым болып бара жатқаны туралы айтып тұрмын...
– Бәрі өз жолымен болса дейсіз ғой... Әке беделі, әке қадірі деген әдірәм қалып бара жатқан қазіргі кезде әйелдердің өңмеңдегені өңмеңдеген, оған дауа жоқ. Әкелердің беделі жалқаулық, жауапсыздық, ішкілік сынды басқа да жаман әдеттер кесірінен баяғыда жерге құлаған.
– Ойың дұрыс, бірақ солғындау екен. Әке атаулы қашан өздері жеке дара бедел, абырой жинап еді?.. Алысқа бармай-ақ өзімізді алайық. Басында мыжырайған шәпкісі түспейтін, ернінен шылымы, аузынан ішімдігі үзілмейтін, шешелеріміздің тілімен айтқанда «ештеңемен ісі жоқ» миллиондаған әкелеріміздің беделі сұмдық биік болатын еді ғой. Бұл неғылған, қайдан келген бедел, оның сыры неде? Жауап біреу: бар гәп әкелеріміздің тұлғасын ақ сәлделі Алатаудай биік ете санамызға сіңірген аналарымызда. «Осыдан әкең келсін, әуселеңді сонда көремін», «сазайыңды әкең тартқызсын...», «жазаңды әкең берсін...» деген екі-үш ауыз сөзбен-ақ бала тәрбиесін жолға қойған кешегі жарықтық шешелеріміздің орны ойсырап тұрғанын сезінесің, содан келіп бүгінгілерді әлгіндей сынауға мәжбүрсің.
– Иә, бүгінде көптеген ата-анада өзара бірлік жоқ. Екі тарап барикаданың екі жағына шығып алады, әке бір жақта, шеше мен ұл-қыз бір жақта дегендей. Содан балаларын тірек ете ұпайын түгелдеген әйел, шешесін арқа тұтып әкесіне одыраңдаған ұл мен қыз шығады жалаңдап дейсіз ғой. Отбасында ері мен әйелі бірауызды болмай, бірін-бірі көтермелемей бала тәрбиесі оңбайды. Әке беделі құлаған қоғамда ілгерілеу болмайды.
– Иә, әкеден бата алмай іс басталмайтын, ас ішілмейтін заман жылыстап бара жатқандай. Берекесіздік осындайдан туындайды...
Иә, олардың айтқандарымен келіспеске шараң жоқ.