Өндіріс • Бүгін, 08:10

Құрылыстың қажетін өтейтін кәсіпорын

7 мин
оқу үшін

Елорданың Индустриялық паркінде орналасқан «Uniton» зауыты құрылыс индустриясындағы сұранысы жоғары өнімнің бірі – газоблок өндіруді жолға қойған. Заманауи технологияға сүйенген кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, сапалы өнім шығару, кадр даярлау мен импортты алмастыру бағытында да нақты нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Құрылыстың қажетін өтейтін кәсіпорын

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі іске қосқан бұл кешен жоғары технологиялық өндірістік әлеуетімен әрі сапалы газоблоктарымен нарық­тағы сұранысты толыққанды өтеп тұр. Бұл жоба заманауи индустриялық инфрақұрылым мен білікті кадр­лардың табысты үйлесімі.

Еліміздің құрылыс индустрия­сындағы маңызды секторлардың бірі газбетон блоктарын өндіру саласы. «Uniton» кәсіпорнының жұмысына жүргізілген сараптама, саланың технологиялық жағынан қарыштап дамып, мамандардың біліктілігі артып келе жатқанын айғақтайды. Бұл зауыттың өнімін мамандар сараптап, отандық өндірістің әлеуетін жоғары бағалағаны ел экономикасына серпін бергені анық.

Елорданың Индустриялық пар­кін­де орналасқан өндіріс орындарын аралаған адам еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің кейінгі жылдары қалай өзгергенін бірден аңғарады. Бір кездері шетелден тасымалданатын құрылыс материалдарының орнына бүгінде өзімізде өндірілген өнімдер келіп жатыр. Соның бірі – газоблок шығаратын «Uniton» зауыты.

Бұл кәсіпорынның атауы құрылыс саласына қатысы бар мамандарға жақсы таныс. Себебі кейінгі жылдары тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған сайын жеңіл, жылы әрі қолжетімді құры­лыс материалына сұраныс та артты. Осы қажеттілікті өтеуге үлес қосып отырған өндіріс орындарының бірі – дәл осы зауыт.

с

Кәсіпорын аумағына кірген сәт­тен өндірістің қарқыны бірден байқалады. Мұнда жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Құм тиелген жүк көліктері келіп жатыр, дайын өнім тиеген техникалар құрылыс алаңдары­на бет алады. Цех ішіндегі алып жабдықтар да үздіксіз қозғалыста.

Зауыттың өндіріс басшысы Юрий Великановтың айтуынша, жоба бір­неше жылдық дайындықтан кейін іске қосылған.

«Зауыт құрылысын 2023 жы­лы бас­тадық. Оның алдындағы жоба­лау 2022 жылы жүргізілді. Ке­йін Қытайдан технологиялық жаб­дық­тар жеткізіліп, монтаж жұмысы атқарылды. Өндіріс толық іске қосы­лып, жұмыс бастағанымызға биыл екі жыл толып отыр», дейді ол.

Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 500-550 текше метр өнім шығарады. Жұмыс төрт ауысыммен ұйымдастырылған. Әр ауысым 12 сағатқа созылады. Төрт бригада кезекпен еңбек етеді. Мұндай жүйе өндіріс үдерісінің үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді.

Цех ішін аралаған кезде өндірістің басым бөлігі автоматтандырылғанын аңғару қиын емес. Бір бұрышта құм арнайы бункерлерге төгіліп жатса, екінші жағында компьютер арқылы басқарылатын қондырғылар қажетті қоспаларды дәл мөлшермен аралас­тырады. Адам қолының қатысуы азайған сайын өнім сапасының тұрақтылығы арта түскені байқалады.

Мұнда газоблок өндірудің барлық кезеңі бір тізбекке біріктірілген. Шикізат қабылдаудан бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі жұмыс арнайы бағдарламалар арқылы бақы­ланады. Өндіріс мамандарының айтуынша, қоспалардың құрамы мен тығыздығы бірнеше мәрте тексеруден өтеді. Айтқандай мұнда газоблокқа қажет цемент, гипс, құм тағы басқа шикізаттың бәрі отандық өнім.

Құрылыс саласында өнім сапасы бірінші орында тұрады. Әсіресе қабырға материалдарының беріктігі мен геометриялық дәлдігі маңызды. Өйткені бірнеше миллиметрлік ауытқудың өзі құрылыс барысында қосымша шығынға әкелуі мүмкін.

«Aydin yapi group» құрылыс компаниясының Құрылыс қауіпсіздігі инженері Марс Нәшірұлы газо­блоктардың сапасына тоқталып, оның артықшылықтарын атап өтті.

«Қазір «Uniton» зауыты шығаратын газоблоктардың сапасына қатысты күмән жоқ. Инженер ретінде өнімнің геометриялық дәлдігіне ерекше мән беремін. Мұнда мемлекеттік стандарт талаптарына сай миллиметрлік дәлдік сақталады. Мұндай ма­­­­­­териал құрылысшылардың жұ­мы­сын жеңілдетіп қана қоймай, ғимарат сапасын да көтереді», дейді маман.

Расымен де қазіргі құрылыс нарығында уақыт пен сапа негізгі өлшемге айналған. Қабырғаның тез қалануы, ерітінді шығынының азаюы, ғимараттың жылуды жақсы ұстауы секілді талаптар газоблокқа деген сұранысты арттырып отыр.

Зауыттағы тағы бір назар аударар­лық мәселе – кадр даярлау жүйесі. Өндіріс орындары көбейген сайын білікті маман тапшылығы жиі айтылады. Ал мұнда мәселені өзінше шешкен.

«Бізге келген қызметкерлерді өзі­міз оқытамыз. Арнайы тәжірибеден өткізетін жүйеміз бар. Жаңа адам үш айлық тағылымдамадан өтеді. Міндетті түрде белгілі бір оқу орнын бітіру шарт емес. Ең бастысы – жұмыс істеуге ынтасы болса болғаны, қалғанын өндірістің өзінде үйретеміз», дейді Юрий Великанов.

Ауысым шебері Дәулет Әлиасов та осы пікірді қуаттайды.

«Бұл салада тәжірибе ерекше маңызды. Кәсіпорынның өз оқу жүйесі қалыптасқан. Менің өзім осы өндірісте ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Қазір бір ауысымның жұмысын үйлестіремін. Жастарға тәжірибе үйретіп, өндіріс мәдениетін қалыптастыруға көңіл бөлеміз», дейді ол.

Шынында, зауыттағы жұмысшы­лардың әңгімесінен өндірістегі сабақтастық анық сезіледі. Бірі жас маман болса, енді бірі ондаған жылдық тәжірибесі бар қызметкер. Мұндай ортада өндіріс мәдениеті де, кәсіби жауапкершілік те қалыптасады.

Кәсіпорында еңбек жағдайына да көңіл бөлінген. Орташа жалақы көлемі шамамен 400 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер тегін тамақ­пен қамтамасыз етіледі, арнайы көлік­пен тасымалданады. Мұның бәрі кадр тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Кейінгі жылдары еліміз құрылыс материалдарын ішкі нарықта көбірек өндіруге басымдық беріп келеді. Себебі тұрғын үй құрылысы көлемі ұлғайып, жаңа мектептер, ауруханалар мен өндірістік нысандар салынып жатыр. Мұндай жағдайда құрылыс материалдарын сырттан тасы­малдауға тәуелді болу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Осы тұрғыдан алғанда, Индустрия­лық парк аумағындағы «Uniton» зауытының маңызы айқын көрінеді. Мұнда тек газоблок шығарылып жатқан жоқ. Мұнда өндіріс мәдениеті қалыптасып, жаңа мамандар тәрбие­леніп, отандық өнер­кә­сіптің нақты әлеуеті көрініс тауып отыр.

Зауыт цехынан шығып бара жат­қанда дайын өнім тиелген жүк көліктері назар аудартады. Бірнеше күннен кейін бұл блоктар жаңа тұрғын үйдің немесе әлеуметтік нысанның қабырғасына айналуы мүмкін. Ал оның бастауы дәл осы жерден – Индустриялық парктегі үздіксіз жұмыс істеп тұрған өндіріс желісінен бас­талады.

Соңғы жаңалықтар