Несие • Бүгін, 10:40

Несие төлемін кешіктіргенде нені білген жөн?

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда тұрмыстық қажеттіліктерді шешуге, ірі сатып алулар жасауға немесе күтпеген шығындарды жабу мақсатында несие алу қалыпты жағдайға айналды. Алайда кейде қаржылық қиындықтар туындап, несиені уақытылы төлеу мүмкін болмай қалады. Мұндай жағдайда борышкерлерге нені білген маңызды? Осы сауал төңірегінде қажетті кеңестер алу үшін сарапшы мамандарға жүгінген едік.

Несие төлемін кешіктіргенде нені білген жөн?

Бүгінде еліміздің несие саясатына бірқатар өзгеріс еніп отыр. Атап айтқанда, енді борышкерлер қарызын 30 күннен артық кешіктерген жағдайда екінші мәрте несие беруге тыйым салынады. Сондай-ақ алғаш рет несие рәсімдеушілерге қатысты талаптар қатаңдайды. Осыған байланысты қарыз алушылардың да жауапкершілігі айтарлықтай артатыны түсінікті. Банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, төлемді кешіктірген жағдайда ең алдымен несие беруші тарапқа хабарлау керек.

«Ең алдымен банкке немесе сіздің несиеңіз рәсімделген микроқаржы ұйымына жүгіну қажет. Сол жерде төлем бойынша қиындық туындағанын немесе мерзімі өтіп кеткен берешек қалыптасқанын көрсетіп, ресми түрде өтініш жазған дұрыс. Бұл жағдайда міндетті түрде жазбаша хабарлау ұсынылады. Мүмкіндік болса, ұйымның бөлімшесіне немесе филиалына жеке барып, офлайн форматта тапсырған жөн. Ал егер ондай мүмкіндік болмаса, өтінішті онлайн түрде, мобильді қосымша немесе ресми сервистер арқылы жолдауға болады. Дегенмен ең тиімдісі – мәселені алдын ала ескертіп, ұйымға тікелей өзіңіз барып хабарласу», дейді Нұржан Бияқаев.

Енді борышкерлердің банк шоттары толық бұғатталмайды

Сарапшы маманның айтуынша, егер өтініште келтірілген мәліметтер қанағаттанарлық жағдайда болмаса банк толықтай бас тартыруға құқылы. Сол себептен несие беруші тараппен жүзбе-жүз кездесу мәселені жеңілдетуге айтарлықтай жол ашады.

«Бөлімшеге барған кезде өтінішке түрлі растайтын құжаттарды қоса тіркеуге мүмкіндік болады. Мысалы, азамат жұмыстан айырылған болса, жұмыстан босатылғаны туралы анықтама ұсына алады. Егер жұмыссыз ретінде тіркелсе, тиісті мемлекеттік порталдан алынған анықтаманы қоса береді. Жалақысы азайса, табысының төмендегенін растайтын құжат тапсыруына болады. Егер жұмыста қысқарту болса, сол туралы бұйрық немесе анықтама беріледі. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық немесе мүгедектік жағдайы туындаса, медициналық құжаттар ұсынылады. Сондай-ақ декреттік демалысқа шыққан жағдайда да тиісті анықтамалар тіркеледі. Қаржылық жағдайдың нашарлағанын дәлелдейтін өзге де құжаттарды қоса беру маңызды. Осындай құжаттар толық ұсынылса, банк өтінішті жан-жақты қарап, оң шешім қабылдауы мүмкін. Ал ешқандай растайтын құжаттар болмаса, банк өтінішті кері қайтаруға немесе бас тартуға заңды түрде құқылы», дейді сарапшы.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2024 жылы шамамен 8,9 миллион адам несие алған. Бұл ел халқының едәуір бөлігінің қаржы ұйымдары алдында қарыз міндеттемесі бар екенін көрсетеді. Өткен жылы несие алушылар саны аздап қысқарғанымен, елдегі қарыз алушылар саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл ретте бір адамның атына кейде бірнеше несие рәсімделгенін де естен шығармаған жөн. Ал қарыз алушыға банк келісім бермей, іс сотқа өткенде несие төлеушінің өз құқықтарын білген маңызды дейді қаржыгер.

«Егер банк сотқа жүгінсе, қарыз алушының заңмен қорғалатын құқықтары бар. Сот процесінде банк талапкер ретінде, ал қарыз алушы жеке тұлға ретінде жауапкер болып танылады. Алайда банк тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, азамат қарсы талап қоюға құқылы. Мұндай кезде банк жауапкер ретінде қаралуы мүмкін. Қарыз алушы сотта өз мүддесін жеке қорғауға, сондай-ақ заңгерді немесе адвокатты өкіл ретінде тартуға құқылы. Сонымен қатар ол банк талаптарына қарсылық білдіріп, қарсы талап-арыз бере алады. Қажет болған жағдайда қарызды өтеу кестесін қайта қарауды сұрауға да құқығы бар. Сондай-ақ татуласу немесе медиация рәсіміне қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Әдетте соттың алдын ала отырысында сот тараптарға татуласу, медиация немесе қарызды қайта құрылымдау жолдарын ұсынады. Егер тараптар өзара келісімге келе алмаса, іс жалпы тәртіппен сот қарауына жіберіледі. Сондықтан қарыз алушы сотқа шақырту алған жағдайда өз құқықтарын толық пайдаланып, барлық құжаттарын мұқият дайындап, қажет болса кәсіби заң көмегіне жүгінгені дұрыс», дейді Нұржан Темірғалиұлы.

Несие – несібе емес

Көп жағдайда қарыз алушылар несиені несиемен жауып жатады. Қаржы маманының айтуынша, бұл ең өрескел шешімдердің бірі. Сарапшы мәселе тіпті шешімін таппаса несие рәсімдемей, өзгелерден қарыз алып жағдайды реттеуге шақырады.   

Соңғы жаңалықтар