Театр • Бүгін, 12:42

Аида Балаева Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасарыМәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барлық театр өкілдерін Дүниежүзілік театр күнімен құттықтап, оларға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен шабыт тіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аида Балаева Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады

Аида Балаева құттықтауын өзінің Facebook парақшасында жариялады.

«Бүгін – Дүниежүзілік театр күні. Сахна саңлақтары үшін айрықша мәнге ие айтулы дата. Театр – тәрбие алаңы, талғамды қалыптастыратын, ой мен сезімді тербететін, қоғамға өзін және өз дәуірін тереңірек тануға мүмкіндік беретін бірегей өнер кеңістігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, театрлардың дамуы – кез келген елдің мәдени деңгейінің маңызды көрсеткіші. Бүгінде Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны анық байқалады. Көрермен сұранысы да барған сайын мазмұнды әрі талапшыл сипатқа ие болып келеді. Әсіресе, сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Бүгінде елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік. Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік театрларда 410 премьера сахналанып, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырылды. Былтыр көрермендер саны 2,8 миллионнан асты. Ал, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында республикалық театрлар 170 мыңнан астам көрерменге қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіштер театрдың елімізде сұранысқа ие, өміршең әрі халыққа жақын өнер екенінің айқын дәлелі», деді министр жазбасында.

Балаева осы ретте мәдениет пен тарих мәселелерінің елдің Ата заңында берік құндылық ретінде бекітілуі де ерекше маңызға ие екенін де атап өтті.

Театр көрермені көбейді: Былтыр 2 миллионнан астам адам қойылым тамашалаған

«Жаңа Халықтық Конституцияда мемлекеттің қызметінің іргелі қағидаттарының қатарында ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттері айқын көрініс тапқан. Бұл Қазақстан үшін мәдениет қосалқы сала емес, қоғамдық дамудың және ұлттық бірегейліктің негізгі тіректерінің бірі екенін көрсететін маңызды бағдар. Сонымен қатар Конституцияда тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтау әр азаматтың міндеті ретінде бекітілген. Бүгінде қазақстандық театрлар жаңа қойылымдарымен көрерменді қуанта отырып, халықаралық сахналарда ел абыройын асқақтатып келеді. Олар түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары бағаларға ие болып, мәдени байланыстарды кеңейтуге өз үлесін қосып жатыр», деді Аида Балаева құттықтауында.

Министр осы айтулы күні театр өнерінің барлық өкілдерін Дүниежүзілік театр күнімен шын жүректен құттықтап, өнер иелеріне шалқар шабыт, шығармашылық табыс, өнер жолында жаңа жетістіктер тіледі. 

Жеті театрды жігерлендірген би

Соңғы жаңалықтар