Фото: astanatv.kz
Ұлан Сайтмұхаевтың жұмыс бөлмесіне кірген сәттен-ақ қазақы рух сезіледі. Негізгі қызметі – мемлекеттік салада, ауданның бас қазынашысы. Қарбалас тіршілігіне қарамастан, ол өзінің сүйікті ісіне уақыт табады.
Бос уақытында тазысын ертіп, қоян жүгіртіп, табиғат аясында серуендейді. Шебер үшін тұлпары Найманкөзге отырып, кең далада еркін көсілу – жан тыныштығының кепілі. Ол осындай сәттерде бар күйбең тірлікті ұмытып, табиғатпен тілдескендей күй кешеді.
Көкшетауда қолөнер шеберлері ғажайып бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды
Ал оның шаңырағы нағыз шағын музей іспетті. Үй ауласына кірген жанды ең алдымен ірі қошқардың басы қарсы алады – бұл үйдің символдық күзетшісі іспетті. Дәстүр мен заман үндестігін сақтаған шебердің айтуынша, бұл ерекше жәдігерді ол Жетісу Алатауынан, Жаркент маңындағы ауылдан алып келген. Бұл ол үшін аса қымбат дүние. Қалпақтарын соған іліп қояды екен.
Үй ішіндегі қабырғаларға қасқыр терісі, әртүрлі қамшылар ілінген. Мұнда музейден ғана көретін сирек бұйымдар да бар. Ұлан бірнеше жылдан бері қамшы өрумен айналысып келеді. Ол өз қолымен жұбайы мен төрт қызына арнайы қамшы өріп берген. Алайда шебердің қолынан шыққан дүниелер көбіне үйде сақталмайды, ол оларды қонақтарына сыйға тартады екен.
Отбасындағы өнерге деген сүйіспеншілік балаларынан да байқалады. Шебердің ұл-қыздары жастайынан домбыра тартып, ұлттық өнерге жақын болып өсіп келеді. Ұлан Сайтмұхаев өз өнерінің бастауы бала кезінен қаланғанын айтады.
«Бала күнімде әке-шешемді, ата-әжелерімді көріп өстім. Олар қой қырқып, жүн өңдеп, киіз басатын. Ағаш ою, темір соғу – бәрі де біздің үйде бар еді. Ақын өлеңді шабытпен жазса, біз де әр бұйымды сүйіспеншілікпен жасаймыз. Бұл біздің өмір философиямыз», дейді ол.
Бүгінгі технологиялық дәуірде Ұлан Сайтмұхаев ұлттық дәстүрді заман талабымен үйлестіре білген. Оның ең үлкен арманы – балаларын елін сүйетін, ата мұрасын ардақтайтын нағыз патриот етіп тәрбиелеу.