Рақымшылық туралы заң қабылданады
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты алдағы міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ ол жүйелі жаңғырудың келесі кезеңіне арналған жоспар Мемлекет басшысының жаңа Ата заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес белгіленуге тиіс екенін атап өтті.
«Республикалық референдум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары жалпыхалықтық қолдауға ие екенін айқын көрсетті. Азаматтарымыздың 87 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Отандық және халықаралық байқаушылар дауыс берудің ашық әрі әділ өткенін айтты. Осы аптада Мемлекет басшысы Конституцияға және Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Парламенттің алдында жаңа конституциялық заңдарды қарау мен қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу сияқты маңызды міндеттер тұр. Сондай-ақ Президент сессияның соңына дейін әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы заң қабылдауды тапсырды. Осы ауқымды жұмысты Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек», деді Сенат төрағасы.
Күн тәртібіне сәйкес отырыста, алдымен, Мемлекет басшысының Ерлан Қосмұратовты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы ұсынуы қаралды. Бұл мәселе алдын ала Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Соның нәтижесінде сенаторлар Президент ұсынуын қолдау туралы шешім қабылдады.
Маңызды құжаттар мақұлданды
Палата отырысында «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Талқылау кезінде аталып өткендей, хаттаманы ратификаттау Қазақстанның халықаралық авиациялық саясатты қалыптастыруға неғұрлым белсенді қатысуына мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай туғызады. Сондай-ақ еліміздің кандидатурасын ИКАО органдарының құрамына ілгерілету үшін алғышарттар жасайды.
Сонымен қатар сенаторлар «Бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық Қаржы корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң экономиканың орнықты өсуіне, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, шығыстарды неғұрлым шұғыл және әлеуметтік бағдарланған жобаларға қайта бөлу есебінен мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту көзделіп отыр.
Дүниежүзілік банктің ұлттық жобаларға қаржылық тұрғыда қатысуы ІЖӨ-нің тұрақты өсуін, шағын және орта бизнесті дамытуды, инновациялар мен жұмыс орындарын құру арқылы еліміздің инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды қамтамасыз етеді.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
«Аталған заң қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін енгізуді және еңбек жағдайларын жетілдіруді көздейді. Нақты айтқанда, кейбір әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қатысты еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға тыйым салынады. Сондай-ақ жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шаралар нақтыланды. Заңды қабылдау еліміздегі еңбек адамдарының құқықтық кепілдігін күшейтуге және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға үлес қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Медициналық оқу орындарын дамыту қажет
Отырыс барысында депутаттар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында медициналық негізгі жоғары оқу орындарын одан әрі дамыту қажеттігі туралы сөз қозғады.
Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде медициналық көмектің сапасын арттыру мен білікті кадрларды даярлау мақсатында денсаулық сақтау саласында жүйелі реформалар іске асып келеді. Депутат тарихы бай әрі халықаралық деңгейде танымал Астана медициналық университетінің маман даярлау мен саланы дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Демек, оның әлеуетін одан әрі нығайтуды уақыттың өзі талап етіп отыр.
«Университет бакалавриаттан бастап резидентура, магистратура және PhD-ға дейінгі барлық деңгейде 80-нен аса білім бағдарламасын іске асырады. Университетте 11 мыңнан аса білім алушы, оның ішінде 20 елден 700-ден аса шетелдік студент оқиды. Кейінгі 3 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 99%-ды құрады. Университеттің стратегиялық бағыты – профилактикалық медицина және халық денсаулығын сақтау. Бұл бағыт отандық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманұлының ғылыми мұрасымен толық үйлеседі», деді Н.Жүсіп.
Сенатор осыған байланысты Астана медицина университетіне «Ұлттық университет» мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ жоғары оқу орнына академик Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды. Ол, сонымен қатар, осы бастамаларды іске асыру үшін құқықтық және ұйымдастыру тетіктерін пысықтау қажеттігін атап өтті.
Жол-көлік апаты азаяр емес
Сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауалында жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және жүргізушілерді даярлау сапасының төмендеуіне назар аударды. Депутаттың мәліметінше, 2023 жылы елімізде 15 886 жол-көлік апаты тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 31 597-ге жеткен. Ал 2025 жылы 36 146 жол апаты болған. Сонымен қатар кейінгі 3 жылда мыңдаған адам қаза тауып, 100 мыңнан аса адам түрлі жарақат алды.
«Жүргізушілерді даярлау мәселесі де ерекше назар аудару қажет. ІІМ-нің «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 727 автомектеп тіркеліп отыр, ал соның 160-ы – мемлекеттік, ал 567-сі – жекеменшік. Сонымен қатар кейінгі жылдары осы саладағы мемлекеттік бақылау айтарлықтай қысқартылғаны белгілі. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап автомектептерді ашу рұқсат беру тәртібінен хабарлама беру тәртібіне ауыстырылып отыр. Ал 2018 жылы ішкі істер органдарының автомектептер қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары толық алынып тасталды. Нәтижесінде, жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты талаптардың әлсіреуі туралы қоғамда алаңдатушылық жиі айтылып жүр», деп атап өтті сенатор.
Осыған байланысты Г.Шиповских автомектептерге қойылатын мемлекеттік бақылау мен аккредиттеу талаптарын қалпына келтіруді, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен практикалық дайындық стандарттарын күшейтуді ұсынады.
Отырыста, сондай-ақ, сенаторлар Бекбол Орынбасаров, Сәкен Арубаев, Алтынбек Нухұлы, Руслан Рүстемов, Бибігүл Жексенбай өз депутаттық сауалдарын жолдап, қоғамды алаңдатып тұрған маңызды мәселелерді көтерді.