Digital • Бүгін, 08:35

Финтех дәуірі басталды

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір қаржы қызметі бұрынғыдан мүлде өзгеше сипат ала бастады. Банктер мен инвестициялық компаниялар атқаратын бірқатар қызметті цифрлық платформалар алмастырып, жасанды интеллект қаржылық талдаудың жаңа құралына айналды. Мұндай үрдісті бүгінде «финтех» (fintech) деп атайды. Бұл атау ағылшынның financial technology – «қаржылық технология» деген сөзінен шыққан. Аталған сала қазір төлем жүйелерімен ғана шектелмей, инвестициялау, бизнес қаржысын басқару, капиталды талдау секілді бағыттарды да автоматтандырып келеді. Мәселен, «Finflow», «Paidax», «Investbanq» сияқты отандық финтех стартаптар жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Финтех дәуірі басталды

Қаржы платформасы

«Finflow» – шағын және орта бизнеске арналған жасанды интеллект негізіндегі қаржы платформасы. Жоба кәсіпкерлерге қаржылық жос­парлауды жеңілдетеді. Көп жағ­дайда шағын ком­па­ния­лар­да толыққанды қар­жы директоры болмайды. Ал «Finflow» сол қыз­мет­­ті цифр­лық форматта ат­қа­рады.

Платформа кәсіпкерге компанияның қаржысын талдауға, табыс пен шығынды есептеуге, ақша айналымын болжауға, қаржылық модель құруға көмектеседі. Мұның бәрін бірнеше минут ішін­де жасауға болады. Яғни кәсіп­кер­ге бөлек қаржы маманын жалдаудың қажеті жоқ.

«Finflow»-дың ерекшелігі – ол тек есеп жүргізумен шектелмейді. Көп бухгал­терлік бағдарламалар қар­жылық деректерді жинақ­таумен ғана айналысады. Ал бұл платформа деректерді талдап, бизнеске қандай шешім қабылдау тиімді екенін де көрсетеді.

Тағы бір маңызды ар­тықшылығы – банктермен интеграция. Платформа кәсіпкерге қаржылық құжат­тарды тез дайындап, банктен несие алу үдерісін жеңілдетуге көмектеседі.

Қазір «Finflow» жүйесін елімізден бөлек, шетелдегі ондаған компания пайдаланып отыр. Стартап бірнеше отандық банкпен қанатқақты жобаларды іске қосып, шағын және орта бизнеске арналған цифрлық қаржыландыру шешімдерін әзірлеп жатыр.

 – Біз «Finflow»-ды қар­жылық жоспарлауды тек ірі компаниялардың емес, кез келген кәсіпкердің қолы жететін құралға айналдыру мақсатында жасап жатырмыз. Көптеген шағын және орта  бизнес қаржысын жүйелі басқара алмай, кассалық алшақтыққа тап болады, банк қаржыландыруына қол жеткізе алмай жатады. Сондықтан біз кәсіпкерге күрделі қаржылық талдау­ды түсінікті, жылдам әрі қол­жетімді етуді көздейміз. Яғни «Finflow» – жай ғана есеп жүргізетін платформа емес, бизнеске дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін цифрлық қаржы көмекшісі, – деді жоба жетекшісі Дәулет Айтмаханов.

Инвестициялық жүйе

«Paidax» – инвестиция жасауға арналған мобильді қосымша. Пайдаланушы бұл платформа арқылы бағалы қағаздарға қаржы құйып, өзге инвесторлардың портфелін де бақылай алады. Яғни жоба инвестицияны тек мамандарға ғана емес, қарапайым адамға да жақындатуды көздейді.

«Paidax»-ты математи­калық модельдер мен цифр­лық технологияны ұш­тастырған жоба деуге болады. Оның негізін қалаушы Бексұлтанқожа Әнуаров бұл платформаны жаңа буын инвесторларына арналған жүйе ретінде дамытып келеді. Жоба тек брокерлік қызмет көрсетумен шектелмей, инвестицияны түсінікті әрі қолжетімді етуге ұмтылады.

«Біз Paidax арқылы инвес-тицияны барынша түсінікті әрі қолжетімді еткіміз ке­леді. Қаржы нарығы көп адамға жабық, күрделі жүйе сияқты көрінеді. Ал біздің мақсат – сол мүмкіндіктерді қарапайым қолданушыға жақындату. Сонымен қатар платформада этикалық және исламдық қаржы қағи­­дат­­та­рына сай келетін құ­рал­дарды дамытуға мән беріп отырмыз. «Paidax» – жай ғана брокерлік қосымша емес, инвестиция мәдениетін қа­лып­тастыруға бағытталған цифрлық алаң», деді жоба жетекшісі.

Қазір қосымшаға 36 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Олардың басым бөлігі – 35 пен 55 жас ара­лы­ғындағы инвесторлар. Платформадағы активтердің жалпы көлемі 10 миллион долларға таяп отыр.

Компания алдағы уа­қытта жасанды интеллект негізінде автоматты түрде инвестициялық порт­фель ұсыну қызметін дамытпақ. Яғни пайдаланушы өз мүмкіндігі мен тәуекел дең­гейін көрсетсе, жүйе соған сай инвестициялық шешім ұсынады. Осылайша, «Paidax» қаржы техноло­гия­сын инвестиция мәдение­ті­мен ұштастырған жоба ретінде танылып келеді. 

Цифрлық жоба

«Investbanq» – ин­вес­тициялық банкинг пен капиталды басқаруға арналған цифрлық платформа. Жоба кәсіпкерлерге, ірі капитал иелеріне және қаржы кеңесшілеріне ар­налған. Платформаның басты мақсаты – пайда­ла­нушыларға өз капита­лы мен инвестициясын тиімді басқаруға көмек­те­­се­тін заманауи құралдар ұсыну.

Жүйе жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жұмыс істейді. Мысалы, платформаның «AI Analyst» қызметі түрлі дереккөздерден алын­ған жаңалықтар мен қар­жылық ақпаратты талдап, инвестициялық шешім қабылдауға көмектеседі. Осы арқылы пайдаланушылар нарықтағы өзгерістерді жылдам бақылап, өз жобасын тиімді басқарады.

«Investbanq» капиталды басқаруға кешенді тәсіл ұсынады. Платформа акция­­­­лар, облигациялар, баламалы инвестициялық құралдар сияқты түрлі ак­тивтерді бір жүйеде бірік­тіреді. Яғни пайдаланушы барлық инвестициясын бір жерден бақылай алады.

Платформаның тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллект негізіндегі инвестициялық портфель құрастыру жүйесі. Ол на­рық деректерін талдап, ин­весторға оңтайлы стратегия ұсынады.

Компанияның кеңселері Сингапур, Дубай және Ал­маты қалаларында орна­ласқан. Мұндай халықаралық құрылым «Investbanq»-қа әлемдегі ірі қаржы на­рық­­тарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Плат­форма Сингапурдың ақша-кредит басқармасы (MAS) сияқты қатаң реттеуші ор­ган­дардың талаптарына сәй­кес қызмет етеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, олардың мақсаты – капиталды басқару саласын бұрынғыдан да ашық әрі қолжетімді ету. Яғни күрделі инвестициялық қызметтерді тек ірі қаржы институттарына ғана емес, заманауи технология арқылы кең ауди­то­рия­ға ұсыну.

«Біздің мақсат – капиталды басқару үдерісін барынша ашық әрі түсінікті ету. Инвесторлар өз қаржысын басқару үшін күрделі жүйе­лерге тәуелді болмауы керек. Сондықтан біз жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланып, инвестициялық банкингті жаңа деңгейге шығаруға тырысып отырмыз», дейді жоба жетекшісі Олжас Жиенқұл.

Сарапшылардың  пікірін­ше, финтех индустриясы алдағы жылдары одан әрі қарқын алмақ. Жасанды интеллект, деректер жүйесі және цифрлық платформалар қаржы қызметінің сипатын түбегейлі өзгертті. Еліміздегі «Finflow», «Paidax» және «Investbanq» секілді жобалар осы өзгерістің жер­гілікті нарықтағы алғашқы мысалдарының бірі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар

ЖИ нарығы қалай дамып келеді?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Аграрлы Арқа

Шаруашылық • Бүгін, 08:50

Көктем игілігі – көшет егу

Аймақтар • Бүгін, 08:40