Мәселе • Бүгін, 08:25

Таза су тапшылығы қашан жойылады?

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласын орталықтандырылған таза сумен қамту күрмеуі қиын күрделі мәселе болып келген. Былтыр заманауи сүзгіден өткізіліп тазартылған су беріле бастады.

Таза су тапшылығы қашан жойылады?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Көкшетаудағы су тазарту нысанының техникалық директоры, ІТ маманы Сергей Мякотин бұл жобаның үлкен технологиялық жетістік екенін айтады. Бұл жолы бес сатылы су тазарту жүйесі енгізілді. Ең басты ерекшелігі де осы. Дәстүрлі дезинфекция, коагуляция мен сүзгілеу кезеңдерінен бөлек, алғаш рет флокуляция, седиментация үдерістері қолданылды. Сүзгілеу үдерісі де түбегейлі жаңартылып, су құм мен антрацит көмірінен өткізіліп, оттегімен байытылды.

Жобаның жалпы құны – 6,3 млрд теңге. Кешен тәулігіне 30 мың текше метр суды өңдеп беруге қауқарлы. Айта кетелік, қала аумағы тәулігіне 20 мың текше метр суды қажет етеді. Демек, сұранысты артығымен қам­тамасыз етеді. Әлеуметтік-экономикалық жағынан да тиімді. Бұдан былай Сергеев су қоймасынан су сатып алу тоқтатылып, жылына 1 млрд теңгеге жуық қаражат үнемделмекші.

Бұл жақсы жаңалық болғанымен, әлі де күрмеуі қиын мәселе бар. Нысаннан таза су босатылғанымен, ластанған құбырлардан өткеннен кейін оның сапасы бұзылады. Осы мәселе жылдар бойы шешілмей келе жатыр. Осы олқылықты түзеуге  бюджеттен қыруар қаражат бөлінсе де жағдай оңалмай тұр. 2011 жылы су желілерін тазарту құрылғыларын жаңғыртып, таза ауызсу беруге ұмтылыс жасалып, 60 мың текше метр су өткізуге қауқарлы су тазалау құрылғысының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі болды. Жұмысты «AEGISinc» қолға алған. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты да жасалды. Алғашқы жылы 538,1 млн теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, су сапасын сараптайтын зерт­хананың ғимараттарын жарым-жартылай салды. Келесі жылы конкурс жұмысынан кінәрат табылып, қалалық сот бұл тараптағы жұмыс­­­ты тоқтату туралы шешім шығарды.

2012–2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн теңге әупірімдеп игерілгенімен, әу б­аста берекесі кеткен шаруа кілт тоқтады. Сөйтіп, үміт үзіле бастады. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің отырысында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар мәселесі ретінде талқыланды. Мем­лекеттік аудиторлар қаржылық тәр­тіптің көп бұзылғанын мәлім етті.

2021 жылдың басынан бастап соңғы мердігер келісімшартты орындамады. Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі шартты бұзу туралы тиісті шаралар қабылдауға асыққан жоқ. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары таза су тапшылығын қатты сезініп келді. Жаңа су тазарту нысанының пайдалануға берілуі сәл ғана ықшамдап айтқанда 15 жылға созылды. «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының бас директоры Юрий Шенгальцтың айтуына қарағанда, жаңа су тазарту нысанында жұмыс әлі толық аяқталмағанға ұқсайды.

– Бұл жұмыс өте күрделі. Оның үстіне көктемгі қызыл су жайыла­тын уақыт та таяп қалды, – дейді кәсіпорын басшысы. – Әдетте көктем мен күзде су құрамы күрт өзгеріп, жұмысты қиындатып жібе­реді. Реагенттің құрамын қайта ауыстыруға тура келеді. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Содан кейін ескертулер болмаса, тапсырыс беруші құрылыс бөлімі бұл нысанды бізге береді. Дегенмен таза су бірден беріле қоймайды. Қала ішіндегі құбырлар тартылғаннан бері алпыс жыл уақыт өткен. Магистрал­ды, көпқабатты тұрғын үйлердің арасындағы құбырлардың ескіруі судың сапасына әсер етеді.

Мамандардың айтуынша, қазір қала ішіндегі су құбырларының 48,4%-ның тозығы жеткен. Сол себепті өткен жылы су құбыр­ларында 500 мәрте апатты жағдай болған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің мәліметіне қарағанда, Көкшетаудағы микробиологиялық тест нәтижесінде алынған сына­маның 11,8%-ы талапқа сай келмеген. Су құрамындағы элементтер сынамасының 69%-ы қалыпқа сай еместігі анықталған.

Өңірдің өзге жерінде де көңіл аударатын мәселе бар. Өткен жылы Егіндікөлде ауызсудан алынған сынаманың үштен бірі, Жарқайыңда – 23%, Біржан сал ауданында – 19,3% ғана болған. Бурабай, Аршалы, Ерейментау, Есіл аудандарында да осындай жағдай қалыптасып отыр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасованың пікірінше, басты мәселе – бақы­лаудың жоқтығында. Өңірдегі 619 сумен жабдықтау нысанының 108­-інде ғана міндетті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бар. Өзгелері санитарлық талаптарға сай емес немесе мүлде иесіз. Мәселен, Зеренді ауданында балансқа енгізілмеген су құбырларының саны – 33, Бұландыда – 25. Иелері болмағаннан кейін мұндай су құбырларына бақылау жасау мүлде мүмкін емес. Санитарлық дәрі-­гер­лер қаншалықты көңіл аудар­ға­нымен, толық құзыреті жоқ. Бақылау жүргізілген жерлерде талап бұзушылық шашетектен. Депар­­­та­менттің мәліметіне қара­ғанда, нысандардың 74%-ында міндетті бақылау ұйымдас­тырыл­­маған. Уақтылы су желілеріне залал­сыз­дандыру жүргізіліп, тазартылмайды.

Тағы бір айта кететін жайт, жерас­ты немесе ашық су көздеріндегі санитарлық күзет пен қоршаудың жоқтығы. Онсыз ашық су көздерін таза ұстау мүмкін емес. Алысқа бармай-ақ облыс орталығының іргесіндегі Көкшетау қаласы ауызсу алатын суқоймасының жағдайын айта кетелік. Жаздың күндері бұл жерде қала тұрғындары суға түседі. Төңіректегі  елдің  малы су ішеді. Адам былай тұрсын, иттерін де шомылдыратын мәдениетсіздер жетіп артылады. Санитарлық дәрігерлердің тауы шағылып жүр. Талапқа сай ұйғарымдар беріліп, айыппұл салынып, сотқа берілгенімен, нәтиже көңіл көншітерлік емес.  

Өңір тұрғындары әзірге ауызсуды ішінара сатып алып, пайдаланып жүр. Облыс орталығында су құятын бес литрлік ыдысын арқалап алып, сүзгіден өткен суды тасып ішіп жүргендерден көз сүрінеді.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

«Балуан тас сапары» басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:22

Мәдени кодтың тамыры терең

Сұхбат • Бүгін, 08:50