Келіссөздерге «Тау-Кен Самұрық «ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметов те қатысты. Тараптар тау-кен өнеркәсібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін және алдағы даму мүмкіндіктерін саралады. Әсіресе Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестіктің стратегиялық маңызы мен америкалық компаниялардың ел экономикасына қосып отырған үлесі атап өтілді.
Кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Министр Ерсайын Нағаспаев Қазақстан тау-кен саласын дамытуда шетелдік серіктестермен тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қарашасында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен америкалық Cove Capital Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойған. Бұл кен орындары әлемдегі ең ірі қорлардың қатарына жатады.
Келісімге сәйкес инвестор екі байыту фабрикасы мен бір металлургиялық зауыт салуға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды. Жоба толық іске қосылған кезде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Онда қазақстандық мамандарды жұмысқа қабылдауға басымдық беріледі.
Қарағандыдағы тау-кен кәсіпорнына 4 млн теңге айыппұл салынды
Құжаттағы маңызды талаптардың бірі – өндірілген шикізат пен жартылай дайын өнімді шетелге тікелей шығаруға тыйым салу. Яғни жоба толық терең өңдеу қағидатына негізделіп, дайын өнімді ел ішінде өндіруге бағытталады.