Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Павлодар – отандық энергетиканың жүрегі. Елде өндірілетін электр қуатының шамамен 40 пайызы осы өңірге тиесілі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «көмір – стратегиялық актив» екенін атап өткеннен кейін Ертіс-Баян аймағындағы көмір генерациясын кеңейтуге бағытталған жобалар жаңа қарқын алды.
Бүгінде облыстағы энергия көздерінің жиынтық қуаты – 8542 МВт. Негізгі салмақты Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 (4040 МВт) мен МАЭС-2 стансалары (1000 МВт) көтеріп отыр. Сондай-ақ Ақсудағы Еуроазиялық энергетикалық корпорация стансасы (2475 МВт) – аймақ энергетикасының маңызды буыны. Былтыр өңір 49,1 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірді. Бұл – республика бойынша аса қомақты үлес. Павлодар – тек тұтынушы емес, елдің индустриялық белдеуін жарықпен, жылумен қамтып отырған негізгі аймақ.
Алдағы жылдары жүзеге асуға тиіс жобалар ауқымы ерекше. Ең ірісі – Екібастұз МАЭС-3 стансасының құрылысы. Жоба бойынша әрқайсысы 660 МВт болатын төрт энергия блогі орнатылып, жалпы қуат 2640 МВт-қа жетпек. Бұдан бөлек, МАЭС-2-де №3 және №4 блоктар (әрқайсысы 550 МВт) салынады. Егер барлық жоспар толық орындалса, өңірдегі электр қуатының өндірісі 8542 МВт-тан 12717 МВт-қа дейін ұлғаяды. Яғни өсім – 49 пайыз. Бұл Павлодардың елдегі электр өндірісіндегі үлесін іс жүзінде 50 пайызға жақындатуы мүмкін.
Бірақ бұл жерде мынадай заңды сауал туындайды: ішкі нарықтағы сұраныс пен экспорттық әлеует бұл көлемді толық игере ала ма? Қазір елімізде электр тұтыну біркелкі емес. Солтүстік артық өндірсе, оңтүстік тапшылық көреді. Демек, жаңа қуат тек өндіріс көлемін арттыру емес, энергия ағынын тиімді басқаруды да талап етеді.
Жергілікті қуат өндіретін алып нысандардың барлығы бүгінде көмірді пайдаланып отырғаны белгілі. Ал аталған жерасты байлығына Ертістің Павлодар өңірі аса бай. Көмір өндіруші кәсіпорындардың өндірістік қуаты шамамен – 80 млн тонна. Оның ішінде КСН маркалы тас көмір – 70 млн тонна, 3Б маркалы қоңыр көмір – 9 млн тонна, Т маркалы тас көмір – 600 мың тонна. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі тау-кен секторының үлесі – 24,9 пайыз болса, тау-кен өндірісі секторының үштен бірі – көмір өндірісіне тиесілі. Ал елімізде өндірілетін көмірдің 60%-ы Павлодар жерінен шығады.
Былтыр облыста көмір өндірісі 3,8% пайызға артып, өндіріс көлемі 298,4 млрд теңгені құраған. Бұл салада Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС, «ЕЭК» АҚ-ның «Шығыс» кеніші, «Ангренсор-Энерго» ЖШС, сондай-ақ Баянауыл ауданындағы Майкөбе көмір бассейніндегі қоңыр көмір (лигнит) өндіретін «Гамма Сарыкөл» ЖШС мен «Майкөбен-Вест» ЖШС танымал. Бұлардың ішінде «Богатырь Көмір» мен «Шығыс» кеніші өңірдегі барлық көмірдің 80 пайызын беріп отыр. Осы салада бүгінде 15 мыңнан астам адам «екі қолға – бір күрек» тапқан.
Жаңа генерациямен бірге, электр желілерін жаңғырту да қатар жүруде. 2029 жылға дейін 1722 км желіні, 804 бірлік жабдықты жаңарту көзделген. Егер генерация өсіп, ал желі тозған күйінде қалса, жүйелік апат қаупі артады. Кейінгі жылдардағы энергетикалық дағдарыстар бұл мәселенің өзектілігін көрсетті.
Атап өтерлігі, Екібастұздың аса қуатты энергетикалық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталып отырған «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» («Data Processing Valley») жобасын іске асырудың болашағы зор. Есептеу инфрақұрылымы, бұлтты сервистермен, жасанды интеллектімен жұмыс істеуге арналған қуаттар орналастырылатын арнайы аймақ құру үшін Екібастұз МАЭС – 1 стансасының маңынан ауданы 200 гектар болатын жер телімі белгіленген. Сондай-ақ болашақта аумақты 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Жоба аясында ұзындығы 15 км электр желілерін және қуаты 300 МВт болатын қосалқы стансалар салу көзделген. Келешекте олардың қуатын 1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарда тұр. Бұл жобаға шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйылуы керек. Қазір ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер жоба іске асса, Екібастұз тек көмірлі қала емес, цифрлық инфрақұрылым орталығына айналуы ықтимал. Бұл – көмір энергетикасының табысын жоғары технологиямен ұштастыру әрекеті.
Павлодар облысы енді көмір генерациясы арқылы энергетикалық қуатты арттыруды көздеп отыр. Көмір генерациясының артықшылығы айқын: шикізат базасы мол, инфрақұрылым қалыптасқан, электрдің өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен. Дей тұрғанмен жаһандық энергетикалық күн тәртібі көмірге келгенде аса сыншыл. Көміртек шығарындылары, экологиялық талаптар, «жасыл» трансформация – бұлардың барлығы ұзақ мерзімде көмір генерациясына қысым тудыратыны белгілі.
Павлодар облысы