Өнер • Бүгін, 08:18

Түрлі өнердің тоғысы

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шынайы сезімнің шебері, барлық шығармасының дерлік бағы жанған, әлемдегі ең әйгілі композиторлардың бірі Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры опера, заманауи би, театр мен цирк өнерін бір сахнада тоғыстырған «Puccini Dance Circus Opera» спектаклін ұсынды.

Түрлі өнердің тоғысы

Суреттерді түсірген – Владимир АКУЛЕНКО

Халықаралық қойылым ұлы композитордың «Манон Леско», «Боге­ма­лықтар», «Тоска», «Чио-Чио-сан» («Мадам Баттерфляй»), «Турандот» операларына заманауи сипат, жаңа көзқарас сыйлап қана қоймай, Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Айтқандай, Д.Пуччини шы­ғар­маларының көпшілігі кейіп­керлерінің есімімен аталатынын, ал махаббат мен байлықтың, адамгершілік пен ақшаның арасында аласұрған «Манон Леско» оның сахнадағы алғашқы үлкен табысы екенін де еске сала кетейік.

Әлемде ең көп қойылған «Богемалықтар» операсы Па­риж­дегі сіңірі шыққан сурет­шілердің өмірін әсерлі сипаттаса, Д.Пуччини осы шығар­маны жазғанда әрі жас, әрі кедей болатын. Шығарманың шы­найылығына мұның да ықпалы болғаны даусыз. Бірақ олардың жастық шақтағы байлығы – ер­кін­дігі емес пе еді?

Мысалы, Флория Тосканың («Тоска») бір күннің ішінде Римде басынан өткен махаббат, қызғаныш, сатқындық туралы шиеленісті, қарқынды саяси драмасы да опера тарихындағы ең танымал «Vissi d’arte» ариясымен дараланбақ.

Өнерден хабардар қауымға оқиғасы Жапонияда өрбитін өндірдей жас гейшаның қайғылы махаббат тарихы туралы «Мадам Баттерфляй» мен өзі аяқтай алмай өмірден озғанда, шәкірті нүктесін қойған Қытай ханша­йымы туралы соңғы операсы «Турандоттың» мазмұнын баяндап отырудың өзі артық.

Тыңдарманын толқытып, көрерменін күлдіре де тебіренте алатын талантты композитордың музыкалары мәңгілік адамзаттық тақырыптардың айналасында өрбитіндіктен, шығармалары да ғұмырлы болып қала бермек. Оркестрді сүйемелдеу үшін ғана емес, мың құбылған сезім құралы ретінде де шебер үйлестіре білген Пуччинидің басты артықшылығы да сонда, операны салтанатты өнер тілінде тірі эмоцияға толы шынайы драма деңгейіне көтере білгенімен дараланбақ.

иск

Сонымен қазақ сахнасындағы қойылымның драматургиялық діңгегі қозғалыс пен қимыл арқылы ашылатын «әйелдер хоры» десек те болады. Сахналық әрекет жанды да электрондық музыканың, әуедегі әрі жердегі хореографияның үйлесімі арқылы жүзеге асады.

 «Puccini Dance Circus Opera» спектаклі – Тоскана қаласындағы италиялық «blucinQue» компаниясы мен ORT оркестрлерінің бірлескен туындысы. Алматы қаласындағы көрсетілімдерге шетелдік және отандық әртіс­тер, оркестр және вокалдық солистер қатысты. Италия мен Қазақстанның өнердегі көпірі іспетті Алматыдағы көрсетілімдер Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасындағы халықаралық деңгейдегі сирек сәттердің біріне айналды.

Спектакльдің продюсері Паоло Стратта бұл жобаны сахналау аса маңызды әрі көп қатпарлы үдеріс болғанын айтады. Халықаралық жоба 2024 жылы композитордың 100 жылдығына орай қолға алынған. Продюсер Паоло Стратта спектакльді қою барысында түпнұсқа мәтін мен оның түпкі айтпағы, ішкі мазмұны өзара диалогке түсіп, 39 түрлі музыкалық аспаптан тұратын ерекше құрамдағы оркестр жасақтау жұмысы көп уақыт алғанын тілге тиек етті.

Италияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Эдоардо Кризафулли өнердегі отандастарының Қа­зақ­станға шығарманың шын мәніндегі түпнұсқасын, ақиқа­тында жаңа да айрықша қойы­лымды әкелуге әрекет жасап, бәрі де сәтімен жүзеге асқанын мәлімдеді.

Елшілік өкілдері Италия мен Қазақстан хаттамада ғана емес, өнер әлемінде тоғысып, музыка арқылы тілдескеніне риясыз алғысын білдірді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Табиғат сынағына тосқауыл

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Келелі кеңес келешегі

Пікір • Бүгін, 08:58

Сот төрелігіне сенім артып келеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55