Былтыр көрші Ресейдің Омбы қаласында XXIV Еуразиялық ұлттық киімдердің сән байқауы өтіп, оған Астананың іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны, айтулы қолөнер шебері Бұлбұлхан Серғазықызы қатысып, ІІ орыннан көрініп, ұлттық сән үлгісінің мерейін үстем етті. 2025 жылдың қарашасында ұйымдастырылған «Этно-Эрато» атты еуразиялық ұлттық киімдер сән байқауында 40 мемлекеттен 300-ге жуық үміткер жарысқа түскен. Осыншама қатысушының арасынан оза шауып, ұлттық киім үлгілерінің дизайнері ретінде ақ кимешек топтамасын ұсынған Бұлбұлхан апай жүлделі орын иегері атанды. Оның еңбегін қазылар алқасының 19 мүшесі бірауыздан қолдап, жоғары бағалады. Өзі болса, «қолдау білдірген барша қазылар алқасына алғысым шексіз» дейді.
Бұлбұлхан Серғазықызы – 58 жаста, елде және шетелдерде өткен түрлі қолөнер байқауларының жеңімпазы. Республикалық «Ақ кимешек – ұлт ажары» атты байқауда бас жүлдені иеленсе, Ақмола облысында өткен «Сәнді сәукеле мен киелі кимешек шебері» байқауында да бас жүлдеге қол жеткізіп, туған ауылы Қояндының мерейін үстем етті.
30 жылдық тәжірибесі бар қолөнер шебері әжелердің ақ кимешегі мен басқа да ұлттық бұйымдарға аманат деп қарап, ата-бабадан жеткен асыл мұраны насихаттаудан жалыққан емес. Бұлбұлхан Серғазықызы өнерін мүмкіндігі шектеулі жандарға және өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үйретіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.
Алпыс жасқа таяп қалса да, ол «ұрпаққа берерім әлі де көп» деп, ізгілік жолындағы еңбегін талмай жалғастырып келеді.