Қазгидромет дерегінше, түнде республиканың екі өңірінде қатты аяз күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында -40°С-қа дейін, Қарағанды облысының шығысында -35°С-қа дейін аяз күтіледі.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағының басым бөлігі антициклон сілемінің ықпалында болады. Соның әсерінен жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.
Ал оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ елдің орталығы мен шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын түседі, оңтүстік өңірлерде кей уақытта нөсерлі жауын-шашын күтіледі. Көктайғақ пен боран болжанып отыр.
Сонымен қатар республика бойынша тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде жел екпіні кей уақытта 25-28 м/с-қа дейін жетеді.