Бизнес • Бүгін, 17:51

Еліміздің маркетплейстері неге шетелдік алпауыттардан көп салық төлейді?

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2025 жылы отандық маркетплейстер бюджетке 216,1 млрд теңге аударды. Бұл барлық шетелдік интернет-компаниялар төлеген салықтың жалпы сомасынан (57,7 млрд теңге) шамамен төрт есе көп. Ranking.kz зерттеуіне сәйкес, мұндай ауқымды айырмашылық жергілікті алаңдардың толыққанды салық резиденті ретінде жұмыс істеуіне байланысты. Ал шетелдік алпауыттар көбіне ең төменгі міндетті төлемдермен шектеледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздің маркетплейстері неге шетелдік алпауыттардан көп салық төлейді?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Нарық көшбасшылары және төлем құрылымы

Зерттеуде көрсетілгендей, 2025 жылы салық төлемі бойынша отандық маркетплейстер арасында сөзсіз көшбасшы − Kaspi.kz. Компания қазынаға 138 млрд теңгеден астам қаржы аударған (өсім – 3,5%), бұл сектордағы барлық төлемнің 64,06%-ын құрайды. Есепке «Kaspi Магазин» ЖШС, «Kaspi Travel» ЖШС, «Колеса» АҚ және «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС көрсеткіштері алынған.

Қалған қатысушылар арасындағы бөлінген үлес мынадай:

  • Wildberries (ИМВБКЗ ЖШС) – 2-орын, шамамен 58 млрд теңге (нарықтың 26,75%-ы);
  • Ozon («OZON Маркетплейс Қазақстан» ЖШС) – 3-орын, 15 млрд теңгеге жуық (6,85%);
  • OLX – 3 млрд теңгеден астам (1,4%);
  • Halyk Market – 950 млн теңге (0,4%).

Ал Flip.kz, Teez, Forte Market және Satu.kz жиынтығында сектор аударымдарының небәрі 0,5%-ын қалыптастырған.

Маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» деп аталатын арнайы бөлім ашылады

«Google салығы» және бәсекелестік ахуалы

2022 жылдан бастап Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар үшін қосылған құн салығы енгізілген. 2025 жылы бұл салықты 110-нан астам компания төледі (оның 19-ы былтыр тіркелген). Олардың қатарында Temu, Alibaba, Garmin және Twitch бар. Аталған бап бойынша бюджетке 57,7 млрд теңге түсті (жоспар – 27,3 млрд теңге).

Сарапшылар отандық және шетелдік маркетплейстер үшін салық төлеу шарттары тең емес екенін айтады. Шетелдік ойыншылар тек ҚҚС төлейді әрі филиал ашпай жұмыс істей береді. Ал отандық компаниялар корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік салықты, мүлік салығын, кедендік баждарды және қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдарды толық көлемде өтейді.

«Үкімет дәліздерінде бұл салық шетелдік интернет-компанияларды отандық бизнеспен теңестіреді деген пікір жиі айтылды. Алайда іс жүзінде жағдай мүлде басқаша», дейді сарапшылар.

2025 жылдың тоғыз айындағы дерекке сәйкес, ең көп салық төлеген шетелдік алаң – Temu (9,2 млрд теңге). Екінші орында – iHerb (3,7 млрд теңге). Ал Alibaba 265,4 млн теңге аударған.

Бір қызығы, AliExpress Russia 2024 жылы Қазақстан бюджетіне шамамен 151 млн теңге төлесе, 2025 жылдың тоғыз айында бірде-бір төлем жасамаған. Сарапшылар мұны шетелдік онлайн-компаниялардың салық төлеудегі өзіндік ерекшелігімен байланыстырады.

Маркетплейстердегі тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу ережесі реттелмек

Тәуекелдер мен даму сценарийлері

Зерттеуде Қазақстандағы электрондық сауданың қарқынды өзгеріп жатқаны айтылған. Ресми дерекке сәйкес, e-commerce құрылымында маркетплейстердің үлесі 2022 жылғы 57%-дан 2024 жылы 85%-ға дейін өскен. Сауда саясаты тұжырымдамасына сай, 2030 жылға қарай бөлшек саудадағы онлайн-сатылым үлесі 20%-ға жетуі тиіс. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін деп есептейді.

Олар дамудың үш сценарийін ұсынады:

  • Базалық: онлайн-сатылым үлесі 20-25%-ға жетіп, дамыған нарықтар деңгейіне сәйкес келеді.
  • Инновациялық: жасанды интеллект пен логистиканы автоматтандыру есебінен өсім жеделдейді.
  • Консервативті: инфрақұрылымдық шектеулер мен шетелдік ойыншыларға қатысты түйткілдер өсімді баяулатады.

Басты тәуекел – «сұр» аймақ. Қазақстанда өкілдігі жоқ шетелдік платформалар контрафактілік өнімдердің таралуына және тұтынушылар құқығының қорғалмауына жол ашуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, демпингтік баға саясаты мен субсидияланған логистика, «арзан әрі бәрі бар» үлгісі жергілікті сатушыларды нарықтан ығыстырады. Бұған қоса, техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін, сатушысы Қазақстан юрисдикциясында тіркелмеген тауарлар тәуекелі жоғары. Ал жергілікті тіркеу мен эквайринг болмаған жағдайда табыстың бір бөлігі елдің банк жүйесінен тыс қалып, экономикалық мультипликативтік әсерді азайтады.

Теңсіз бәсеке жағдайында отандық алаңда сауда жасайтын мыңдаған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері де қауіп аймағында тұр. Айта кетерлігі, маркетплейстер арқылы сатылымның 90%-дан астамы ШОБ үлесіне тиесілі.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, 2030 жылға дейінгі табыс үкіметтің нормативтік базаны үйлестіру және жергілікті ойыншылардың мүддесін қорғау қабілетіне байланысты болады.

Саланы дамыту үшін логистикалық инфрақұрылымды және ІТ-платформаларды жетілдіру, ШОБ-ты оқыту, кәсіпкерлерді отандық маркетплейстерде қолдау ұсынылады. Ал бизнес жасанды интеллект пен Big Data шешімдерін енгізіп, жеткізу тізбегін оңтайландырып, сервис сапасы мен маркетингке басымдық беруі тиіс.

Шетелдік маркетплейстерде сауда жасау: ел азаматтары үшін не өзгереді?

Соңғы жаңалықтар