Экспорт • Бүгін, 16:25

Шығыста экспорттық жүк тасымалы артты

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыс өңірінің теміржол торабы кейінгі екі жылда қарқын ала бастады. Агроөнеркәсіп саласындағы жаңа өндірістер іске қосылып, өңделген өнім көлемі артқан сайын, экспортқа бағытталған жүк тасымалы да көбейді. Бұл өзгеріс Абай өңіріндегі стансалар жұмысынан да анық байқалады, деп жазады Egemen.kz.

Шығыста экспорттық жүк тасымалы артты

Темір жол саласының былтырғы қорытындысына сәйкес, Семей филиалындағы жүк айналымы өскен. Тиеу көлемі көзделген 16 070,0 мың тонна межеден асты. Мұндай серпін облыс көлемінде жаңадан ашылған өндіріс орындарының есебінен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, бұршақты дәнді дақылдар мен өсімдік майын терең өңдейтін «Agrolider KAZ» ЖШС, «Qazaq-Astyq Group» ЖШС сияқты кәсіпорындар жүк тасымалы үшін тұйық желілерін жандандырды. Бұл өндіріс ошақтарына кластан тыс Семей станциясы қызмет көрсетеді. Тиелген өнімдер Шығыс Еуропа елдеріне, Қытайға және Орта Азия мемлекеттеріне жөнелтіледі.

Биыл «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасындағы ірі ет өңдеу зауыты іске қосылған жағдайда, тораптық Жаңа-Семей станциясы арқылы жүк тиеу көлемі тағы да ұлғаяды деген болжам бар. Жалпы, бөлімшедегі Семей, Жаңа-Семей, Шар, Белағаш, Аягөз стансаларынан астық, жарма, өсімдік майы, түрлі дәнді дақылдар мен өзге де азық-түлік өнімдері тиеледі. Өткен жылы бұл бағыттағы көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 252,3 мың тоннаға артты. Өндіріс қарқынының күшеюіне байланысты тораптық стансаларда пойыз құрастырушылар мен маневрлік тепловоздарға деген қажеттілік те айқын сезілген.

Қару-жарақ пен валюта: Шекарада заңсыз жүк тасымалының жолы кесілді

Семей филиалындағы стансалар жұмысын үйлестіретін логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің мамандары өңірдің инвестициялық тартымдылығы артқанын айтады. Жаңа технологиямен жабдықталған ірі өндірістердің ашылуы теміржол арқылы тасымал көлемін көбейтті. Бұған дейін контейнерлік пойыздармен негізінен шикізат жөнелтілсе, қазір дайын өнім тиеу үлесі артқан. Бұл экспорт құрылымының өзгергенін көрсетеді.

Премьер-министр: Әуе жүк тасымалы саласын цифрландыруды жеделдету қажет

Қазіргі кезде жүк тасымалын ұйымдастыруда айлық, тоқсандық және жылдық жоспарлар аясында тиеу мен жеткізуді оңтайландыру шаралары күшейтілген. Осылайша, семейлік теміржолшылардың алдында өндіріс қарқынын бәсеңдетпей, жүк айналымының тиімділігін арттыру міндеті тұр. Экспорттық бағыттағы жаңа өндірістер іске қосылған сайын, өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті де кеңейе түспек.

Ал Абай облысында салынып жатқан «Бақты – Аягөз» теміржол желісі Шығыс өңірінен жөнелтілетін жүк көлемі ұлғайып, Қазақстан – Қытай бағыты бойынша тасымал мүмкіндігі кеңеймек. Жуырда Абай облысы әкімдігінде аталған құрылыстың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиынға «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері, мердігер компания басшылары қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырма аясында Қазақстан – Қытай арасындағы үшінші теміржол желісінің құрылысы белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқаны айтылды.

Енді жүк тасымалы навигациялық пломбалар арқылы бақыланады

Ұзындығы 297 шақырым болатын «Бақты – Аягөз» желісі «Семей – Ақтоғай» учаскесіне шығады. Жоба аясында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автокөлік жол көпірі, 5 жаяу жүргінші өткелі, 16 бақылау құрылымы салынады. Бас мердігер – China Harbour Engineering Company Co. Ltd. Қазіргі таңда құрылысқа 144 техника мен 398 адам жұмылдырылған, жұмыстар 42 шақырымдық учаскеде жүргізіліп жатыр.

Сарапшылардың бағалауынша, жаңа желі көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, облыстың транзиттік мәртебесін нығайтады. Сонымен қатар жоба мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар