Дегенмен қағазбастылықты азайтуға бағытталған шешімдер мен мектептегі күнделікті тәжірибе арасындағы алшақтық азаймай тұр. «TALIS 2024» зерттеу нәтижелері бойынша еліміздегі білім сапасына кері әсер ететін фактордан ең үлкені осы екені анықталған.
Елімізде орта және арнаулы білім ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті құжаттар тізімі Оқу-ағарту министрлігінің №130 бұйрығының 3-қосымшасында нақты бекітілген. Құжатқа сәйкес, мұғалім оқу жылы бойы сабақ беріп қана қоймай, бірнеше форматта есеп жүргізуге міндеттелген.
Педагог күн сайын сабақ кестесіне сай 1-4 сыныптарға арналған сынып журналын, 5-11 (12) сыныптарға арналған сынып журналын, қосымша сабақтар мен үйде оқыту журналдарын қағаз немесе электрондық форматта толтырады. Бұған қоса әр сабаққа қысқа мерзімді жоспар әзірлеуге тиіс. Осылайша, әрбір өткен сабақ сыныпта ғана емес, құжатта да дәлелденуі қажет. Сондай-ақ оқу жылы басталар алдында мұғалім пәндер бойынша орта мерзімді, яғни күнтізбелік-тақырыптық жоспарды және тәлімгерлік жоспарын дайындайды.
Ал оқу барысында жоспар бірнеше рет қайта қаралып, жаңартылып отырады. Әр тоқсанның қорытындысы бойынша педагог автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қалыптасқан жиынтық бағалау мен тоқсандық бағалау нәтижелеріне сәйкес талдау жүргізуге міндетті. Жүйе бағалауды автоматты түрде есептегенімен, мұғалім ол деректер негізінде бөлек талдау құжатын әзірлейді. Оқу жылы аяқталған кезде құжат көлемі одан әрі ұлғаяды. Мұғалім негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлеріндегі оқу курстары бойынша емтихан хаттамаларын рәсімдейді, сондай-ақ 9 (10) және 11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау хаттамаларын жүргізеді.
Нормативтік құжатта «қағаз немесе электрондық форматта» деген тіркес жиі кездеседі. Алайда мектеп тәжірибесінде бұл талап көбіне балама емес, қосарланған жүктемеге айналған. Бір ақпарат электрондық жүйеге енгізіліп, кейін сол мазмұн қайтадан қағазға немесе жеке файлға көшіріледі. Соның салдарынан мұғалімнің уақыты сабақтың сапасына емес, есептің толықтығына жұмсалады. Осылайша, №130 бұйрықта бекітілген талаптар педагогтің кәсіби қызметін регламенттегенімен, іс жүзінде қағазбастылықтың ауқымын кеңейтіп отыр. Мұғалімнің негізгі миссиясы – баламен жұмыс істеу, білім мен тәрбие беру екені айтылғанымен, мектептің күнделікті өмірінде педагог көбіне есеп пен құжаттың арасында қалып қояды. Цифрлық жүйелер қағазбастылықты азайту үшін енгізілгенімен, тәжірибеде олар жаңа есеп түрлерін қосып, жүктемені күрделендіріп жібергендей.
Мектептегі қағазбастылық сабақ жоспары мен электронды журнал төңірегінде ғана емес. Сынып жетекшісі болсаң, жұмыс бұдан да көп. Тәрбие жұмысына жауапты бөлімдер күн сайын қай оқушы кіммен тұрады, кім үйірмеге барады, кім бармайды деген сияқты түрлі мәлімет талап етеді екен. Сыныппен міндетті түрде өткізілуге тиіс іс-шаралар тағы бар. Сынып жетекші Аққу Мұхтарқызының сөзінше, мұның барлығы көбіне мұғалімнің жеке уақыты есебінен жасалады. «Сынып жетекшісі болсаң, күніне бір емес, бірнеше рет құжат сұрайды. Тәрбие бөліміне бір есеп, әкімшілікке бір есеп бересің. Сыныппен өткізілген іс-шаралардың есебі міндетті түрде дереу сұралады. Тәрбие папкасы өз алдына бөлек ауыр жүк. Ал жоғары сыныпқа сабақ берсең, PISA, МОДО, ҰБТ деген папкалар мен есептер бар. Егер тек сынып журналы, ҚМЖ,БЖБ,ТЖБ талдауымен шектелсе жақсы ғой. Бірақ бұған қоса дарынды оқушымен жұмыс, үлгерімі төмен оқушымен жұмыс, оның есебі, модерация, олимпиадаға дайындау – бәрі қағазға түседі. Осы жұмыстардың бәрін қағазбастылық демей, не дейміз? Мұғалім сабақ беретін адам ба, әлде есеп толтыратын қызметкер ме – кейде өзіміз де білмей қаламыз», дейді ол.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Ал осы оқу жылының басында мектепке жас маман болып жұмысқа кірген Мөлдір Оралбай екі айдан кейін жұмыстан шығу туралы шешім қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, мектептен кетуіне жалақы емес, жұмыс барысындағы талаптар мен ішкі тәртіп әсер еткен. «Мектепте сапалы білім беруге емес, құжат айналымына көбірек назар аударылады. Сабақтан тыс уақытта түрлі есеп, жоспар, талдау дайындау міндеттеледі. Мұғалімнің уақыты оқушыға емес, құжатқа жұмсалады. Бұған қоса басқару талаптарында қайшылық көп. Бір жағынан, сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынады. Екінші жағынан, мессенджерлер арқылы келген хабарламаларға дер кезінде жауап бермегенің үшін ескерту жасалады. Бұл жағдай мұғалімге қосымша қысым түсіреді. Мектептегі күнделікті жұмыс ырғағында жиі жиналыс өткізіледі. Үлкен үзіліс кезінде болмашы мәселелерге байланысты мұғалімдерді жинап алады, бұл сабаққа дайындалуға бөлінетін уақытты қысқартады», дейді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, мұғалімдердің қағазбастылық жүктемесін азайту және оқу барысын жеңілдету мақсатында кейінгі жылдары кешенді цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл шаралардың негізгі бағыты – оқу барысын автоматтандыру мен мұғалімнің уақытын үнемдеу. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында сабақты ұйымдастыруға арналған LMS (Learning Management System) платформалары жұмыс істеп тұр. Бұл жүйелер мұғалімдердің ең көп уақытын алатын жұмыстардың бірі – қағаз жүзіндегі жоспарлауды қысқартуға бағытталған. Автоматтандырылған LMS жүйелеріне үлгілік оқу жоспарлары алдын ала жүктеледі. Мұғалім дайын жоспарды нөлден бастап жазбайды, тек қажет болған жағдайда өзгерістер енгізіп, цифрлық форматта бекітеді. Цифрландыру мұғалімге кедергі емес, көмекші құрал болуы үшін нормативтік шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, мұғалімдердің бір жүйеден екіншісіне ауысу кезінде деректерді қайта енгізіп, жаңа платформаға бейімделуге уақыт жоғалтпауын қамтамасыз ету мақсатында оқу жылы ішінде LMS платформаларын ауыстыруға тыйым салынған.
«Білім туралы» заңның 6-бабы 2-тармағының 10-1) тармақшасына сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін мемлекеттік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Осы нормаға сәйкес бағдарламалық шешімдерді таңдау, соның ішінде оқу барысын автоматтандыруға арналған платформаларды енгізу және білім беру ұйымдарын қажетті техникамен жабдықтау жергілікті бюджет есебінен жергілікті атқарушы органдар тарапынан дербес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда еліміздегі білім беру ұйымдарында оқу барысын ұйымдастыруға арналған төрт LMS жүйесі жұмыс істеп тұр. Министрлік оқу үдерісінің тұрақтылығын сақтау, сабақтастықты қамтамасыз ету және ұйымдастырушылық-әдістемелік тәуекелдерді барынша азайту мақсатында арнайы нормативтік шектеулер енгізіп отыр. №130 бұйрықтың «Орта және арнаулы білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесінде» құжаттарды педагогтер қағаз немесе электрондық форматта толтырады. Электрондық форматта толтыратын жағдайда қағаз нұсқа талап етілмейді делінген. Қазір барлық білім беру ұйымы LMS жүйелерімен қамтылғандықтан, көрсетілген бұйрыққа сәйкес қағаз түрінде құжаттарды толтыруға қажеттілік жоқ», деп мәлімдеді министрлік.
Ал енгізіліп жатқан цифрлық жүйелердің тиімділігі тексеріле ме деген сауалымызға құзырлы мекеме «жасанды интеллектіні білім саласына енгізу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған», деп жауап берді. Жұмыс тобының құрамына министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, колледждер мен мектептер, оның ішінде республикалық физика-математика мектептері, Назарбаев зияткерлік мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің мамандары кірген. Сонымен қатар IT-компаниялар мен стартаптар, баспа өкілдері, цифрлық трансформация және жасанды интеллект саласындағы тәуелсіз сарапшылар да тартылған. «Жұмыс тобы бірнеше негізгі бағытта жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні қолдану кезінде сақталуы тиіс этикалық стандарттарды әзірлеу, жасанды интеллект құралдарын әкімшілік-басқарушылық бизнес-процестерге енгізу және педагогтердің күнделікті жұмыстарын қысқарту мақсатында оқу үдерісіне ЖИ технологияларын пайдалану мәселелері қарастырылып жатыр. Сондай-ақ енгізіліп жатқан жасанды интеллект құралдарының тиімділігін бағалау тетіктері де айқындалады. Қазіргі уақытта жұмыс тобы бұл бағытта стандарттарды әзірлеп, жасанды интеллектіні білім саласында қолдануға қатысты негізгі нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындап жатыр», деп хабарлады баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, мәселенің шешімі мемлекеттік жүйеде ғана емес мекеменің басқару тәсіліне де тәуелді болып тұрғаны байқалады. Қағазбастылық – мемлекеттік мектептердің цифрлық жүйеге дұрыс бейімделе алмай отырғанын көрсететін жайт екені анық.