Көбіне мынадай жағдай кездеседі. Адам есепке тұрады да, кейін бұл туралы ұмытып кетеді. Біраз уақыт өткен соң деректер жаңартылмағаны, мәртебе тоқтатылғаны, ал бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі жоғалғаны белгілі болады. Мұндайға жол бермеу үшін тұрғын үй есебінің қалай жүргізілетінін біліп, өзіңізді ара-тұра тізімнен тексеріп тұрған жөн.
Тұрғын үй кезегі деген не?
Бұл – тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың есебі. Негізі былтырдан бастап талаптар айтарлықтай жеңілдетілді. Қазір есепке тұру үшін үш шарт жеткілікті:
– Қазақстан азаматтығы немесе қандас мәртебесі болуы керек;
– соңғы бес жылда еліміздің аумағында тұрғын үй болмауы тиіс (бұл талап өтініш берушінің өзіне, жұбайына және кәмелетке толмаған балаларына бірдей қолданылады);
– тұрақты тіркеу болуы қажет. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында – кемінде үш жыл, өзге өңірлерде мерзім шектелмейді.
Кезекті қайдан көруге болады?
Қазір өзекті тізімдер тек Отбасы банк сайтында жарияланады. Олар облыстар мен қалалар бойынша бөлінген. Форматы ыңғайсыздау – Excel файлы, оны жүктеп алу керек. Дегенмен әзірге бұл – жалғыз жұмыс істеп тұрған нұсқа. Банк өкілдері алдағы уақытта рәсімді жеңілдетуге уәде беріп отыр.
Өзіңізді тізімнен қалай табасыз?
«Отбасы банктің» сайтына кіріп, «Қолжетімді тұрғын үй» бөлімі арқылы «Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімін» ашасыз. Өз өңіріңізді таңдап, файлды жүктейсіз (ол тек компьютер немесе ноутбукте ашылады). Файлдан тегіңізді Ctrl + F арқылы іздеуге болады.
«Кезек нөмірі» шатастырып жібереді
Көпшілік фамилиясының жанындағы санды нақты орны деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Ол – жай ғана жалпы тізімдегі реттік нөмір, ешқандай басымдық бермейді.
Қазір «тұрғын үй кезегі» ұғымының өзі біртіндеп қолданудан шығып келеді. Негізінде бұл – мұқтаж азаматтардың есебі. Үй бөлу кезінде шешуші рөл атқаратыны – есепке тұрған күн. Сол мерзім бойынша әр санаттың ішінде басымдық қалыптасады.
Өз орныңызды нақты түсіну үшін тізімді өз санатыңыз бойынша сүзгіден өткізу қажет: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, толық емес отбасылар және басқа топтар. Сонда алдыңызда нақты қанша адам тұрғаны көрінеді.
Тағы бір маңызды жайт: мемлекеттік көмектің түрлері әртүрлі, күту тәртібі де соған қарай өзгереді.
Оқи отырыңыз: Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейді
Мемлекет қандай қолдау ұсынады?
Қазіргі таңда үш негізгі бағыт бар:
– жалдау ақысына субсидия (50 пайызын мемлекет өтейді);
– жалдамалы тұрғын үй (кей жағдайда сатып алу құқығымен);
– жеңілдетілген ипотека (2, 5 және 7-9 пайыздық мөлшерлемемен).
Жалдау субсидиясы тек төрт санатқа беріледі: көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек баласы бар отбасыларға және жетім балаларға. Олар тұрғын үйді нарықтан өздері іздейді.
Ал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларда, мысалы Наурыз (7–9%), «кезектің келуін» күтудің қажеті жоқ. Қабылдау жарияланған сәтте бірден өтініш беруге болады. Басты талап – «Отбасы банкіндегі» депозит пен жеткілікті жинақтың болуы.
Ең ұзақ күтілетіні – жалдамалы тұрғын үй. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі осы санатта. Мұндай пәтерлердің ай сайынғы ақысы шамамен 15-20 мың теңге, оған коммуналдық төлемдер қосылады. Кей өңірлерде әкімдіктердің шешімімен бұл үйлерді кейін сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Кезекте тұрғандар не істеуі керек?
Жалдамалы үй, ипотека немесе субсидия бөлінгені туралы SMS алу үшін міндетті түрде инвентаризациядан өту қажет. Хабарламаларды тізімді жүргізетін «Отбасы банк» жібереді.
Инвентаризация барысында азамат деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді әрі өзінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің жоқ екені тексеріледі.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегі қайта жүйеленді: Кімдерге жеңілдік беріледі?
Инвентаризациядан қалай өтеді?
orken.otbasybank.kz сайтына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, жеке кабинетке өтесіз. Дербес деректерді өңдеуге келісімге қол қоясыз. «Инвентаризация» бөліміне өтіп, процесті бастайсыз. Әрбір отбасы мүшесі сайтқа жеке кіріп, өз келісімін растауы тиіс.
Егер инвентаризациядан өтпесеңіз, талаптарға толық сай келгеннің өзінде банк тұрғын үй бөлінгені туралы SMS жібере алмайды.
Қысқасы, кезек өздігінен ештеңе кепілдемейді. Мемлекеттік қолдаудан қағылып қалмау үшін тізімдегі мәртебеңізді тексеріп, инвентаризацияны уақытылы өтіп отыру қажет.