Қоғам • Бүгін, 11:50

Интернет алаяқтарға алданғандар оқиғасы: Жиі кездесетін қателіктер мен кеңестер

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғаламтор желісі дамыған сайын онлайн қылмыс та өршіп барады. Қылмыскерлер алдау мен арбаудың неше түрлі әдіс тәсілдерін ойлап тауып, халықты зар қақсатуды әдетке айналдырды. Бүгін біз оқырман назарына  күнделікті өмірде алаяқтықпен бетпе-бет келген адамдардың хикаяларын, осындай жағдайда қалай әрекет етудің жолдарын ұсынамыз, деп жазады Egemen.kz.

Интернет алаяқтарға алданғандар оқиғасы: Жиі кездесетін қателіктер мен кеңестер

Фото: ашық дереккөз

СДЭК компаниясының атын жамылған

Астаналық Айман курьерлік компанияның атын жамылып, өзін сан соқтырғысы келген алаяқтар туралы айтып берді.

«Бір жолы жасөспірім қызым жаңадан алған спорттық сөмкесін сатпақшы болды. Суретке түсіріп, OLX-ке орналастырғанымыз сол еді, 2-3 адам бірден қызығушылық танытты. Сұраған ақшамызды беріп, сатып алатынын айтып, ақшаны аударғаннан кейін СДЭК курьерлік компаниясы арқылы салып жіберуді өтінді. Ватсапқа ақшаны аударғаны туралы ақпарат жібергенін ескертті. Қарасам курьерлік компанияның атымен бір ссылка келіп тұр екен. Ашып көрсем 23000 теңге тұр. Ақшаны алу үшін банк карточкасының нөмірін енгізуім керек. Осы жерде көңіліме күмән кірді. Бірақ соңына дейін көрейін деп, пайдаланбайтын карточканың ақпаратын енгіздім. Менен енді 6000 теңге төлем жасауымды талап етті. Сөмкені алам деп жазған адамға хабарлассам, аталған ақшаны төлейсіз, содан кейін сізге 23000+6000 теңгеңіз қайта түседі деді. Бірден СДЭК компаниясының байланыс телефондарын тауып хабарластым. Компания өкілі ондай қызмет көрсетудің жоқ екенін айтты. Сөмкеге қызығып хабарласқан үш адам да төлемді осындай жолмен төлейтіндерін айтты. Осыдан кейін OLX-тен сөмкенің жарнамасын алып тастадық», дейді ол.

Төрт таңбалы код сұраған

Айжан есімді қыз (аты-жөні өзгертілді) Threads желісіндегі парақшасында алаяқтарға қалай алданып қала жаздағанын баяндады. Ол Kaspi Магазин арқылы йогаға арналған кілемшеге тапсырыс берген екен. Осыдан кейін алаяқтар хабарласып, код сұрапты.

«Алаяқтар мені де алдайды деп мүлде ойламаппын. Кеше ғана Kaspi арқылы йогаға арналған кілемшеге тапсырыс бердім. Бүгін жеткізілуі тиіс болған. Десе де белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін курьер деп таныстырып, затты бір сағатта жеткізетінін айтты. Дауысы сенімді естілді. Сосын үйде жоқ екенімді, басқа адам күтіп алатынын жеткіздім. Ал әлгі адам тапсырысты күтіп алатын адамға рәсімдейтінін айтты. Сосын менен төрт таңбалы код сұрады. Сонда ғана күмәнданып, алаяқтық әрекет екенін түсіндім», дейді ол.

Күмәнді сілтеме арқылы WhatsApp-ты бұзған

«Бір танысым бауырының өнер конкурсына қатысып жатқанын айтып, жіберілген сілтемеге кіріп, ұнату белгісін басуымды өтінді. Ойымда ештеңе жоқ, ашып кіріп, белгі басып жібердім. Бірнеше күннен кейін туыстарым мен достарым не үшін ақша керек болып жатқанын сұрап хабарласты. Сөйтсем менің WhatsApp мессенджерімді бұзып алған алаяқтар мендегі байланыс номерлерге жазып, барлық адамнан ақша сұрап шығыпты. Мұнай компаниясында жұмыс істейтін екі досым сұраған 200 мың теңгені көрсетілген шотқа жіберіп те қойыпты. Осыдан кейін күмәнді сілтемелерге кірмейтін болдым», дейді Арман есімді оқырман.

Бұлардан бөлек «Сіз қомақты қаржы ұтып алдыңыз, миллиондарыңызды алу үшін осы шотқа осындай қаржы аударыңыз» деп алдайтындар мен «депозиттегі ақшаңызды алаяқтар алып кеткелі жатыр, сондықтан тез арада біз берген шотқа аударып қойыңыз, кейін өзіңізге қайтарып береміз» деп банк қызметкері болып хабарласатындарға алданып қалып жатқандар да жетерлік.

Қаржы министрлігі ескертеді: Министр Такиевтің атын жамылған алаяқтар пайда болды

Мамандар не дейді?

Киберқауіпсіздік саласының сарапшыларының айтуынша, соңғы жылдары алаяқтар техникалық әдістерден гөрі психологиялық манипуляцияға көбірек сүйенеді.

Олардың басты қаруы: қорқыту (шотыңыз бұғатталады, қылмыстық іс қозғалады), асықтыру (қазір төлем жасамасаңыз, кеш болады), қызықтыру (ұтыс, жеңіл несие, инвестиция), сенімге кіру (банк қызметкері, полиция, таныс адамның атын пайдалану).

Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне: мессенджерлер, әлеуметтік желілер, жалған сайттар, фишингтік сілтемелер, жалған инвестициялық платформалар арқылы әрекет етеді.

Петропавлда алаяқтың арбауына түскен әйел 18 млн теңгесінен айырылды

Қаржы мамандары интернет алаяқтықтың ең қауіпті түрі − банк картасы мен жеке деректерді алдау арқылы иемдену екенін айтады.

Көп жағдайда азаматтар: SMS-кодты бөгде адамға айтады, күмәнді сілтемеге кіріп, карта деректерін енгізеді, жалған «банк қызметкеріне» сеніп қалады.

Психологтардың айтуынша, алаяқтар адамның қорқыныш сезімін, сенгіштігін, жалғыздығын пайдаланады.

Әсіресе зейнеткерлер, қаржылық қиындықтағы адамдар, интернетті жаңадан қолданушылар жиі алданып қалады.

Қалай қорғануға болады?

Алаяқтардан қорғанудың бірден бір жолы жеке деректерді ешкімге бермеу керек. ЖСН, карта нөмірі, CVV-код, SMS-код бұлардың барлығы құпия ақпарат. Банк те, полиция да оны телефон арқылы сұрамайды.

Ешқашан күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Сілтеменің мекенжайын мұқият тексеріңіз. Белгісіз сайттарға карта деректерін енгізбеңіз.

Барлық аккаунттарға екі сатылы аутентификация орнатып, күрделі құпиясөз қолданған дұрыс болады.

«Тез шешім» талап етіп қоңырау соғатындардың ұсыныстарынан сақ болыңыз. Алаяқтар әрқашан асықтырады. Қанша жерден тез шешім қабылдау қажет болса да ойланып, жақындарыңызбен ақылдасыңыз.

Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды

Күмәнді қоңырауды қорықпай тоқтатыңыз. Өзіңіз банкке ресми нөмір арқылы қайта хабарласыңыз.

Құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Ақша аударылып кеткен жағдайда дереу банкке хабарласыңыз. Полицияға арыз жазыңыз. Киберқылмыс бөлімдеріне шағым түсіріңіз.

Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның күрделі мәселесіне айналып отырғаны шындық. Технология дамыған сайын, алаяқтардың да айласы күрделеніп барады. Сондықтан олардан қорғанудың бірден бір жолы – цифрлық сауаттылықты арттыру, айналаға сақтықпен қарау және ақпаратты тексеруді әдетке айналдыру қажет.

Соңғы жаңалықтар