Бұл деректер облыс прокуратурасының бастамасымен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелеріне арналған «Инвестициялық климат-дамудың басты құралы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде келтірілді.
«Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан сүйемелденіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде жедел қызмет көрсетіліп отыр. Нәтижесінде 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге – жеке инвестициялар үлесінде. 2026 жылы 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру арқылы 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі ашық инвестициялық ортаны қалыптастыру», деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ 2026 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспары 499 млн доллар көлемінде бекітілген. Облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты инвестициялық штаб отырыстарын өткізіп, жеке кездесулер ұйымдастырып келеді.
Еске сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет екенін айтты.