Аймақтар • 26 Қаңтар, 2026

Семейдегі онкологиялық орталық заманауи жабдықтармен толықты

21 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы жақында компьютерлік томографпен және цифрлық рентгендік маммографиялық құрылғылармен жабдықталды, деп жазады Egemen.kz.

Семейдегі онкологиялық орталық заманауи жабдықтармен толықты

Медициналық орталықтың мәліметінше, жаңа құрал-жабдықтар орталықтың өз қаражаты және 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында республикалық бюджет есебінен сатып алынған. Аталған жоба аясында клиникалық зертханаларға, емханалық бөлімге, хирургия, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелеріне, сондай-ақ, басқа да құрылымдық бөлімдерге шамамен 50 түрлі медициналық құрал-жабдықпен толығып отыр. Бұл кешенді тәсіл онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің толық циклін заманауи медициналық технологиялар арқылы жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жуырда облыс әкімі Берік Уәли медициналық нысандағы жоғары технологиялы заманауи қондырғылардың жұмысымен танысты. Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Таңатаров аймақ басшысына заманауи жабдықтардың мүмкіндіктері және орталықтың қызметі, алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.

Семейде жедел жәрдем көліктері жаңарды

Жақында іске қосуды жоспарлап отырған жабдықтардың қатарында сәулелік диагностика бөлімінде орнатылған «Revolution Maxima» компьютерлік томографы және «GIOTTO CLASS 40000» цифрлық рентгендік маммографиялық аппараты бар.

«Бұл жүйелерді іске қосу орталықтың диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, ауруларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. «Revolution Maxima» компьютерлік томографы жоғары сканерлеу жылдамдығымен, кескін сапасының айқындығымен және сәулелік жүктеменің төмендігімен ерекшеленеді. «GIOTTO CLASS 40000» цифрлық маммографиялық аппараты сүт бездерін жоғары дәлдікпен зерттеуге арналған және диагностика саласындағы заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», дейді бас дәрігер.

Орталықтың негізгі ғимараты 1978 жылы салыныпты. Құрамында 85 төсек-орынға арналған стационар және екі қосалқы ғимарат бар. Сонымен қатар емхана, радиологиялық орталық және радиология бөлімі жұмыс істейді. Қазір орталықта 575 адам еңбек етеді, ол облыстың 600 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді екен.

Семейде ерекше кешен ашылды

Өңір басшысы жаңа медициналық қондырғылардың жұмысын көріп, орталық қызметкерлерімен пікірлесті.

«Ядролық медицина және онкология орталығы – облыстағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі. Орнатылған жаңа заманауи жабдықтар медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары технологиялық қондырғылар дәрігерлер үшін де, емделушілер үшін де аса қажет. Олар ауруларды ерте кезеңде анықтауға, дәл диагноз қоюға және тиімді ем жүргізуге жол ашады», деді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық басқармасының дерегінше, жалпы 2025 жылы өңірдегі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 2026-2028 жылдар аралығында стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар үшін 481 медициналық техника сатып алу жоспарланған. Бұл медициналық техникамен қамтылу деңгейін 95 пайызға дейін жеткізуге, тозу деңгейін 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар