Президент • 22 Қаңтар, 2026

Жаңа 4 фармацевтикалық зауыт салынады: Елімізде қандай дәрі-дәрмектер өндіріледі?

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет фармацевтикалық өндірістерді локализациялау бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Бекітілген жобаларға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 173 млрд теңге, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа 4 фармацевтикалық зауыт салынады: Елімізде қандай дәрі-дәрмектер өндіріледі?

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды.

Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализациялау көзделген. Өндірістік желі онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды.

Жаңа кәсіпорындар Алматы қаласында (екі жоба), сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.

Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» ЖШС жобасы бойынша фармацевтикалық зауытты Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр.

Инвестиция көлемі 58,5 млрд теңгеге бағаланды. Жоба аясында 54 дәрілік зат түрін шығару жоспарланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар препараттар. Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер кіреді. Сондай-ақ 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Стратегиялық серіктестер ретінде Sinopharm, Sinovac және Kangtai Biological Technology компаниялары қатысады.

Қазақстанда ең ірі биофармацевтикалық кешен салынады

«Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ жобасы сондай-ақ Алматыда халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіруге арналған фармацевтикалық кешен салуды көздеп отыр.

Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде 17-сі – әлеуметтік маңызы бар. Жоба аясында кемінде 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктес – Nobel İlaç.

«Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС жобасы аясында Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құру көзделген.

Инвестиция көлемі – 39 млрд теңге. 76 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер және антианемиялық препараттар бар. Жоба аясында кемінде 150 жұмыс орны ашылады. Стратегиялық серіктес – Abdi Ibrahim.

Президент фармацевтикалық кәсіпорындардың қызметімен танысты

«МСП-РОМФАРМ» ЖШС жобасы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 36,7 млрд теңге болатын жоғары технологиялы фармацевтикалық зауытты Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салу көзделген.

Жоба аясында 101 дәрілік зат, оның ішінде ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар өндіру жоспарланған. Шамамен 265 жұмыс орны ашылады. Жобаның серіктестері – World Medicine және Rompharm компаниялары.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде барлығы шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылады.

Фармацевтикада отандық өндірушілердің үлесі қашан артады?

Зауыттар құрылысы және оларды іске қосу отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және халықты отандық өндірістің сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектерімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыру мен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтудің маңызды элементтерінің біріне айналады.

Соңғы жаңалықтар