фото: Almaty.tv
Мәжіліс 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
«Құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылған. Түзету «Кеген-автожолдық» (Қазақстан Республикасы) – «Қарқара-автожолдық» (Қырғыз Республикасы) өткізу пунктінің жұмыс режимін «тәуліктің жарық уақытынан» «тәулік бойына» өзгертуді көздейді», делінген Қазақстан парламенті төменгі палатасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«Кеген-автожолдық» өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс режиміне көшіру Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, тауар айналымын арттыруға, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді.
«Қырғызстанмен шекарада 12 өткізу бекеті бар, оның сегізі көпжақты («Кеген», «Қарасу», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Айша-бибі», «Сартөбе», «Аухатты», «Чалдовар») және төртеуі екіжақты (Ақсу, Бесағаш, Алатау, Жайыл). Қырғыз Республикасымен шекара халықаралық құқыққа сәйкес толығымен бекітілген», делінген хабарламада.