Оқиға • 13 Қаңтар, 2026

Түркістан облысында бір отбасының үш адамы көмірқышқыл газынан уланып қаза тапты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде ана мен екі бала көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмды. Олардың жансыз денелерін жеке үйден марқұм әйелдің әріптестері тапқан. Олар есікті бұзып кіріп, үшінші баланы аман алып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысында бір отбасының үш адамы көмірқышқыл газынан уланып қаза тапты

Қайғылы оқиға Шұбарсу ауылында болған. Онда 38 жастағы балабақша тәрбиешісі үш ұлымен бірге жалдамалы шағын үйде тұрған. Әйел жолдасымен ажырасқан екен.

Көршілердің айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында әйел мұржаны тазалауды жоспарлаған, алайда оған үлгермеген. Таңертең жұмысқа келмегенін байқаған әріптестері дабыл қаққан.

«Әріптестері келген кезде есік жабық болған, ал іштен телефонның дауысы мен ыңырсыған үн естілген. Олар есікті бұзып кіргенде, үш адам жан тапсырған екен. Үлкен ұлы ғана тірі қалып, оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті», дейді марқұмның туысы Жамбыл Даулетов.

Әйелмен бірге 5 және 7 жастағы екі баланың мәйіті табылған. Үшеуі де жер қойнына тапсырылды. Тек үлкен ұлы – 13 жастағы бала ғана тірі қалды. Қазіргі таңда оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Бұған дейін мамандар бұл үйге барып, үй иесіне өрт қауіпсіздігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда осындай жағдай орын алды. Алдағы уақытта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бүкіл ауылдық округ бойынша әлеуетті қауіпті үйлерді анықтау жұмысын күшейтуді жоспарлап отырмыз», деді Шұбарсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Аман.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау маңындағы Томарлы ауылындағы жеке тұрғын үйде үш адам көмірқышқыл газынан уланып көз жұмған еді. 

Соңғы жаңалықтар