Әлем • 12 Қаңтар, 2026

Иран келіссөз жүргізуді ұсынды, бірақ АҚШ диалогқа дейін әрекет етуі мүмкін

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі байланысқа шығып, келіссөз бастау туралы ұсыныс білдіргенін айтты. Сонымен бірге Вашингтонның келіссөзге дейін-ақ белгілі бір шаралар қабылдауы мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Иран келіссөз жүргізуді ұсынды, бірақ АҚШ диалогқа дейін әрекет етуі мүмкін

Фото Depositphotos.com

Трамптың айтуынша, бұл ұсыныс АҚШ басшысының Ирандағы наразылықтарды күшпен басуға қатысты қатаң жауап болатынын ескерткен мәлімдемелерінен кейін түскен.

11 қаңтарда Дональд Трамп Ирандағы наразылықты таратуға байланысты «өте қатаң жауап» нұсқаларын қарастырып жатқанын мәлімдеген. Ақ үйде талқыланып отырған ықтимал шаралар қатарында санкцияларды күшейту, кибероперациялар жүргізу және әскери соққы беру мүмкіндігі де бар екені айтылды.

– Әкімшілік иран тарапымен кездесу ықтималдығын талқылап жатыр. Бірақ бізге келіссөз басталғанға дейін де әрекет етуге тура келуі мүмкін, – деді АҚШ президенті.

Бұл ретте Трамп адам құқықтарын қорғаушылардың деректеріне сүйеніп, Иранда қаза тапқандар саны өсіп келе жатқанын және наразылыққа қатысқандардың жаппай ұсталып жатқаны туралы ақпаратты атап өтті.

Дональд Трамп Иранға күш қолдануды талқылайды

Тегеран әзірге АҚШ президентінің мәлімдемесіне ресми түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Қалибаф елге соққы жасалған жағдайда, АҚШ күштері мен Израиль «заңды нысанаға» айналатынын айтқан.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран келіссөзге дайын екенін, бірақ ол «өзара құрмет» шарттарымен ғана жүзеге асуы тиіс екенін мәлімдеген.

Human Rights Activists News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымының есебіне сәйкес, Ирандағы наразылықтар кезінде кемінде 544 адам қаза тапқан. Ұйым дерегінше, олардың 496-сы наразылыққа қатысушылар, 48-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Сонымен қатар соңғы екі аптада 10 600-ден астам адам ұсталғаны айтылды.

Иран билігі қаза тапқандар мен ұсталғандарға қатысты ресми жиынтық статистика жариялаған жоқ. Мемлекеттік БАҚ ондаған шерушінің қаза болғанын хабарлаған. Ал Tasnim агенттігі 109 қауіпсіздік қызметкері көз жұмғанын мәлімдеді.

Трамп Масктен Ирандағы интернет байланысын қалпына келтіруді өтінбек

12 қаңтарда сыртқы істер министрі Аббас Арагчи шетелдік дипломаттармен кездесуде елдегі жағдай толық бақылауға алынғанын айтты.

– Наразылықтар зорлық-зомбылыққа ұласып, қан төгіспен жүруі АҚШ президентіне араласуға сылтау жасау үшін әдейі жоспарланған, – деді ол.

Осы күні Иран мемлекеттік телеарнасы Тегерандағы Энгелаб алаңына бағыт алған шеру кадрларын көрсетті. Репортажда бұл акцияларға билікті қолдайтын азаматтар қатысқаны айтылып, ресми мәлімдемеде шаралар «америкалық-сионистік терроризмге қарсы ирандық көтеріліс» деп аталды.

Сыртқы реакцияға келсек, Қытай Ирандағы тұрақтылықты қолдайтынын және сыртқы араласуға қарсы екенін мәлімдеді. ҚХР СІМ өкілі Мао Нин халықаралық қатынастарда күш қолдануға жол берілмейтінін айтып, халықаралық құқық аясында мемлекеттердің егемендігі мен қауіпсіздігін құрметтеуге шақырды.

Айта кетейік, Иран үш күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20