Қоғам • 08 Қаңтар, 2026

Инватакси қызметі оңтайланды: енді азаматтар көлікті жылдам таңдай алады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған инватакси қызметі ірі қалаларда жаңа форматқа көшті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен такси агрегаторларын тарту арқылы іске қосылған пилоттық жоба аясында 2025 жылы Астана мен Алматыда инватакси 489,8 мың рет пайдаланылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам көп, деп жазады Egemen.kz

Инватакси қызметі оңтайланды: енді азаматтар көлікті жылдам таңдай алады

Фото: ашық дереккөз

Салыстыру үшін айта кетейік, 2024 жылы мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетілген.

Бұған дейін инватакси алу үшін азаматтар сапардан бір күн бұрын телефон арқылы жазылып, көлікті ұзақ күтуге мәжбүр болатын. Көлік тапшылығы мен қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар да жиі айтылатын. Осы олқылықтарды жою мақсатында министрлік әкімдіктермен бірлесіп, қызмет көрсету тетігін жаңарту жөнінде шешім қабылдады.

Нәтижесінде сұраныс түскен сәтте қызмет көрсете алатын такси агрегаторларын тарту жөнінде қанатқақты жоба іске қосылды. Жобаның басты шарты – сапар құнынан агрегатор пайдасына комиссия ұстамау. Бұл бастамаға Яндекс компаниясы өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Қанатқақты жоба аясында азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметіне тапсырыс бере алады. Қосымша көлікті жылдам таңдауға, тапсырыс мәртебесін онлайн бақылауға және сапарлар бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар жандар жүргізушіге сапар барысында қажет болатын көмекті алдын ала көрсетуі үшін арнайы функция енгізілген. Ал жүргізушілерге жолаушыны отырғызу және түсіру кезінде қалай көмек көрсету керектігі жөнінде нұсқаулық беріледі.

Қазіргі таңда жоба Астана мен Алматыда мүгедектігі бар азаматтардан құралған фокус-топтардың қатысуымен пилоттық режимде жалғасып жатыр. Алдағы уақытта инватакси қызметінің осы жаңа форматын еліміздің басқа өңірлеріне кеңейту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар