Жалпы экспорттық лимит 20 мың тонна деңгейінде бекітілді. Квота тек меншікті бордақылау алаңы бар ет өңдеуші кәсіпорындарға беріледі. Яғни малды өзі өсіріп, өзі бордақыламайтын экспорттаушылар нарықтан ығыстырылады.
Бір кәсіпорынға берілетін квота бордақылау алаңының қуатына тікелей байланысты. Мәселен, 5 мың бастан асатын алаңы бар өндіруші 1 мың тоннаға дейін, ал 50 мың бастан жоғары қуаты бар кәсіпорын 10 мың тоннаға дейін ет экспорттай алады.
Министрлік бұл шешімді ішкі нарықты қорғау және алыпсатарлықты тежеу қажеттілігімен түсіндіреді. Соңғы жылдары жекелеген компаниялар мен шағын сою цехтарының малды бордақылаусыз қайта сатып, экспортқа жөнелтуі ет бағасының өсуіне ықпал еткен. Мұндай делдалдық схема сұраныс пен ұсыныстың нақты теңгерімін бұрмалап, ішкі нарыққа қысым түсірген.
Жаңа квота тетігі өндірістік инфрақұрылымға инвестиция салатын, технология енгізетін және тұрақты жұмыс орындарын ашатын нақты өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сонымен қатар еттің шығу тегін бақылауды күшейтіп, статистиканың ашықтығын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, уақытша шектеулердің басты мақсаты − азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, ішкі тұтынуды басымдыққа қою және мал шаруашылығын ұзақ мерзімде тұрақты дамыту.
Нәтижесінде, бұл қадам отандық фермерлер мен ет өңдеушілердің позициясын нығайтып, ішкі нарықта сапалы сиыр етінің қолжетімділігін арттыруы тиіс.