Әлгі зиратта Вовка (ауылдағылар осылай атап кеткен, шын есімі Владимир) есімді азамат мәңгілік ұйқыда жатыр. Оны білген, көрген адамдар «үй-күйі жоқ, араққа құмар, ауылдың малын баққан еді» деп менсінбеушілікпен еске алар еді. Бірақ мен оның жасаған іс-әрекеттеріне көз жүгіртіп, өзгеше ойға берілетінім бар. «Вовка қайтыс болды» деген хабарды естігенде, жақын туысымнан айырылғандай күй кешкенім рас.
Вовка талай жыл ауылдың қойын бақты. Мектеп қабырғасында жүрген кезім. Бірде оның тамақ салынған қапшығына көзім түсті. Ішінен екі-үш кітаптың мұқабасы көрінді. Кітаптарды қолыма ала бергенде, көзіме оттай басылды: Жұрт жамандайтын әлгі Вовкаң Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының орысша нұсқасын оқып жүр екен (Вовканың қазақшасы онша емес еді). Қой баққан кезде ермек қылады ғой. Сұрастырсам, кітаптарды ауыл кітапханасынан жаздырып алатын көрінеді. Ал «ауылдың кейбір айтқыштары» кітап оқу былай тұрсын, кітапханаға аяқ басып көрсін. Кітап оқу мәселесіне келсек, жастардың да жағдайы мәз емес. Вовканы жаман деп көр енді.
Бүгінде қай ауылды алып қарасаң да, жергілікті жердің өткені жайлы тарқатып айтар ақсақалдардың қатары сиреген. Кейде қариялардың ортасында отырып, әсерлі әңгіме тыңдағың кеп құлшынып отырасың. Әттең... Вовка әңгіменің шебері еді. Әңгімесін «Я не понял» деп бастайтын-ды. Жан-жақты еді жарықтық. Қай саланы болсын, шама-шарқынша қызықты етіп айтып беретін. Тіпті білгенінше ауылдың тарихын тарқатып, кім-кімге қалай туысатынын жатқа білетін. Оның әңгімесінен кейін көңіл көкжиегі көтеріліп қалатын еді. Ауыл мешітінің бірқатар құрылыс жұмысына Вовканың еңбегі сіңді деуге әбден болады. Ақшаға жалданып істесе де, әр шаруаны тиянақты атқаратын. Мешіт жұмыстарына асар жасалған уақытта ауылдың тепсе темір үзер кейбір жігіттері үйінде дөңбекшіп жатқанда, Вовка сауабы мол істен қалыс қалмайтын.
Бүгінде біреудің бойындағы кемістікті көрсе, мұрын шүйіре қарайтындар аз емес. «Кедейсің» деп кемітетіндер де жетерлік. Мал бағушы болсын, от жағушы болсын, мекеме басшысы болсын, бәрінің де Алла алдындағы дәрежесі бір. Бауырмал болайық, ағайын!