Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Сирия мәселелерін реттеу бойынша Астана процесінің рөлі туралы

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордада Сирия мәселелері бойынша халықаралық ке­ліссөздердің төртінші раунды басталды. Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран елдерінің, Сирия үкіметі мен Сирия оппо­зициясының делегациялары, БҰҰ-ның, АҚШ-тың және Иор­данияның арнаулы өкілдері қатысуда. Астана процесі деген атауға ие болған халықаралық келіс­сөз­дер бүгін де жалғасады деп күтіліп отыр.

Сирия мәселелерін реттеу бойынша Астана процесінің рөлі туралы

Жанболат ҮСЕНОВ,

Халықаралық қатынастар жөніндегі еуразиялық кеңестің директоры

Сириядағы қақтығысты тоқтатуға ниетті тараптар Астанаға осымен төртінші рет жиналып отыр. Елордадағы ке­ліс­сөздердің маңыздылығы бүкіл әлем­нің назарында. Алты жылға созылып,  Таяу Шығыстағы ең ірі шиеленіске ай­налған Сириядағы қантөгіс өз ше­ші­мін табуы мүмкін деген де болжамдар айтылуда.

Әрине, бұл оңай мәселе емес. Қазақстанда жиналған өкілетті топтар соғысты бір күнде тоқтатады деп ай­туға болмайды. Алайда, Астана про­ц­есінің маңызы зор. Елорда­мыз­да Сирия үкіметі мен қарулы оппози­ция­сының өкілдері тұңғыш рет бір үстел басына отырды. Бір-бірі­не оқ атып келген олардың бір-бірі­мен сөй­ле­су­інің өзі үлкен жетістік. Сирия­да атыс­ты тоқтатудың уақытша тетігі де Астанада талқыланғаны белгілі.

Қазақстандағы келіссөздерге Таяу Шығыс­та мүдделері бар Түркия, Ресей мен Иран тұрақты түрде қа­тысып отыр. Парсы шы­ға­на­ғын­дағы елдердің өкілі ре­тін­де Иордания қа­тысты, Америка Құрама Штаттары да осы жолы өз өкілін жіберіп, Астана процесінің деңгейін жо­ғарылатып отыр. Келіс­сөз­дердің осы кезеңі біт­кен­нен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Сириядағы жағдайды телефон арқылы талқыға салуды жоспарлап отыр.

Қазақстан Астана процесі мен бұған дейінгі Иранның ядролық ба­ғ­дарламасына қатысты келіс­сөз­дер­дің арқасында және  Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысуының арқасында өзінің халықаралық брокер ретіндегі рөлін нығайтуда. Яғни, еліміз ірі мемлекеттердің саясатына ермей, өзінің халықаралық күн тәртібін ұсы­нып, әлемге өзіндік іс-қимылы бар өкі­летті ел ретінде танытып отыр. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігі мен қау­іпсіздігінің нығаюына тікелей оң әсер етеді.


Санат КӨШКІМБАЕВ,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары

Сирия мәселелері бойынша Астана процестері  Женева келіссөздері сынды халықаралық кездесулерді толықтырушы деуге болады. Өз алдына автономды ауқымды шара Сирия дағдарысына қатысты барлық мүдделі тараптардың басқа да келіссөздерімен бір арнада өтуде. 

Елордаға Ресей, Иран, Түркия, Сирия оппозициясы мен үкіметінің делегациялары, БҰҰ-ның, алғаш рет АҚШ-тың өкілі келіп отыр.  Бұл кездесудің  өте биік деңгейін  көрсетеді.

Ауқымды шараның мән-маңызы туралы айтқанда, бірінші кезекте, 2017 жылдың қаңтар айында елордада өткен халықаралық кездесуде Сирияның қару­лан­ған оппозициясының өкілдері мен Сирия үкіметінің өкілдері алғаш рет бір үстел басына отырып, бір-бірімен жүз­бе-жүз сөйлесіп, өзара мәмілеге келуге мүмкіндік алғанын ерекше атап өту керек. Астана форматындағы келіссөздердің не­гі­зі атысты тоқтату режіміне бағытталған, яғни бұл нақты алға қойылып отырған міндет. Сондай-ақ, осы міндеттің техникалық жағына келсек, атысты тоқтату режіміне мониторинг жасау, гуманитарлық кө­мектің жеткізілуі сынды жұ­мыс­тар бар. Бұл мәселелер Женева форматындағы саяси келіссөздерге ықпалын тигізеді. Астана процесінің табыстары Женева келіссөздерінің табысты болуының алғышарты деп санау керек.

Келіссөздер барысында Қазақстан өзінің бастапқы бейтарап ұстанымын сақтап қалды, біздің бітімгерлік миссияны көздейтініміз  кездесуші тараптарға келіссөз алаңын ұсынуымыздан-ақ кө­рінді. Сол себепті, елордаға келген та­рап­­тардың барлығы біздің ұстанымымызға оң көзқараспен қарап отыр. Алты жылдан бері жалғасып жатқан Сирия дағдарысының түйінін табу өте қиын. Соғыс өрті бұл елдегі әрбір отбасын шарпыды. Астана келіссөздерге келген сириялық делегация құрамында да жақынынан айырылған адамдар бар. Осыған қарамастан, олар елордаға келіп, келіссөз үстелінің басынан табылып жатыр. Сол арқылы мәмілеге келуге ниетті екендіктерін көрсетуде.  Демек, Астана процестерінің өзін Сирия мәселелерін шешудегі жетістік деп бағалау керек.


Соңғы жаңалықтар