Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Жанжүменов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз қызметінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Ерлан Ыдырысов, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Зенит» зауытының ұжымы, «Маңғыстау» кемесі экипажының жеке құрамы қатысты.
«Маңғыстау» – «Зенит» зауытының конвейерінен шыққан 26 кеме. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз қызметі үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалынған. Бұдан бұрынғы кемелерден ерекшелігі – бұл корабльдің қару-жарағы жетілдірілген: су астынан келетін қауіпті диверсиялық әрекетті, жүзбелі қарсыласты анықтайтын және қарсылық көрсететін қондырғы орнатылған, кеме құрылысы кезінде бұған дейін жасалған корабльдерде қызмет етуші әскери теңізшілердің ақыл-кеңестері ескерілген. Осылайша, ұрыс кемесінің маневр мүмкіндіктері артып, әскери қуаты күшейіп, экипаж үшін жайлы бола түскен.
– Бүгін оралдықтар ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін ерекше күн. Қазақстан Республикасы кеме жасау саласының флагманы – «Зенит» зауыты ел тәуелсіздігінің 25 жылында 25 кеме жасаған екен. Бұл Президентіміздің модернизация, машина жасау өнеркәсібін дамыту деген тапсырмасына сәйкес жасалып отырған жұмыстар. Зауытқа мемлекеттік тапсырыс беріп, еліміздің қорғаныс қабілетін үнемі арттырып, қорғанысқа ерекше көңіл бөліп отырған Елбасымызға алғыс айтамыз, – деді Алтай Көлгінов.
Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде «Зенит» зауытының мүмкіндігі бүгінде бұдан да үлкен кемелерді жасауға жететінін айтты. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зауыт ұжымын сақтап, білікті мамандарды ұстап қалған басшыларға көп рахмет! Біз бүгін Қазақстанда кеме жасау өндірісі қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Әрине, Орал қаласының географиялық орналасуы бізге біраз кедергі келтіруде. Сондықтан Каспий теңізінің жағасынан зауыт филиалын ашу жоспары қарастырылуда» деді министр.
– «Зенит» зауытынан шыққан кемелер біздің Каспий теңізіндегі су шекарасын абыроймен қорғап жүр. Біздің әскери теңіз күштеріміз Каспий теңізі аймағындағы мемлекеттер арасында өтетін әскери-теңіз жаттығулары кезінде тұрақты түрде алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл – қазақстандық өнімнің әлемдік стандарттарға сәйкес, заманауи талаптарға лайық машина екендігін дәлелдейді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Жанжүменов өз сөзінде.
Расында да, бірлескен әскери жаттығулар кезінде қазақстандықтар Ресей Федерациясынан кейін екінші орын алады екен.
– Әрине, Ресей Федерациясы кеме жасау өндірісінің 300 жылдық тарихы бар. Біздің отандық өндіріс 1993 жылдан басталған. Соның өзінде мамандар қазақстандық кемелердің өте икемді, ұрыс талабына сай екендігін айтып жүр. Бүгінгі ұрыс кемесінің ерекшелігі – су асты, су үсті және теңіз нысандарын жоюға арналған қару-жарақпен жабдықталған. Біз өте қуаныштымыз, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тұр, – деді «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі капитанының көмекшісі, аға лейтенант Олжас Батырбеков.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі шекарасын қорғау мақсатында шығарыла бастаған зымыранды-артиллериялық кемелердің алғашқысы 2012 жылы 25 сәуірде суға түсірілген болатын. 0250 жобасымен басталған бұл корабль – «Қазақстан» атауын иемденді. Одан кейін 2013-2014 жылдары зауыт конвейерінен «Орал» және «Сарыарқа» ұрыс кемелері теңіз қызметіне аттанған. Бүгінде олардың бәрі де Каспий теңізінде Отанымыздың шекара қызметінде шепте тұр.
Қазбек Құттымұратұлы,
«Егемен Қазақстан»
Орал