Алдыңғының сөзімен айтқанда диалектика заңдылығы деген, осы шығар. (Кейін оқығандарымыздың жаңалық емес екенін енді түсініп жүрміз ғой!). Екінші курста әрқайсысымыз ақын, я жазушы болғымыз келіп бір-бір классиктің кітабын құшақтап жүретін кезде Жарасқан поэзиясына жолыққан едік. Оның лирикалық өлеңдері мен эпиграммалары, балаларға арналған жырлары мен сындары көңілімізді ерекше толқытты. Бір күні ақын болғымыз келсе, бір күні сыншы, келесі күні сатирик боламын деп Жарасқан қалам тартқан жанрдың әрқайсысын тіске басып көргенбіз. Тіпті ешкім оқымаған он бес шақты эпиграмма да жазылған. Махаббат туралы өлеңде сан жоқ. Жарасқанның арнау өлеңдері де объектісінің ерекшелігін, мінезін тап басып, юмормен де жазылатын. Енді, сондай топтамасына келгенімізде өмірден ерте озған достарын жоқтаған жырларына кезіктік. Кеңшілік Мырзабеков деген талантты ақын болғанын, Сағат Әшімбаев деген ғажайып дос, білімді сыншы болғанын сонда білдік. Ду-думанның, сырлы кештердің куәсі болған махаббат жырлары енді көп оқылмайтын болды. Одан гөрі Жарасқанның Сағат туралы айтқан ойлары көп толғандыра бастады. Албырт романтизм, жастық желік бір сәтке сап тыйылып, біз неге Жарасқан сияқты ақын, Сағат сияқты сыншы болмаймыз деген ой іштей мазалады. Сол арнаудағыдай сөзді бір-бірімізге айта аламыз ба, айта қалсақ соған лайық боламыз ба деген жауапкершіліктің алғашқы жүгін сонда ғана ойлағандай едік.
Әбіш Кекілбайұлы «Үнемі бір жаққа асығыс аттанып бара жатқандай қапылатын да жүретін. Лапылдап атып, лапылдап батқан күн сияқты аса бір шуақты адам еді», деп еске алыпты. Бірде Нұрлан Оразалин де «Ол үнемі асығып жүретін. Бір жерде жаңа кітап шығыпты десе, елден бұрын тауып алып оқитын. Соны оқуға үлгермей қалатындай сезінетін. Шешен еді. Айтқанын жеткізе түсіндіріп, өз ойын дәлелдеп шығатын», деп еді. Оралхан Бөкейдің «Сағат оқыса жетеді. Содан сұрап алармын», деген әзіл-шыны аралас атақты сөзін естідік. Сағат Әшімбаев туралы естеліктердің қай-қайсысы да, ауызекі сөздің бәрі де ылғи жақсы сөз, риза лебіз. Соған лайық адам, сыншы, азамат бола білген қысқа ғана ғұмырында «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейтін аталы сөзге пайымдық тұтастығымен жетіпті. Өзін жағалаған, ағалаған жастардың біреуінен көмегін аямапты. Қысыл-таяң шаққа тура келген замандасының көшін түзеуге жан салыпты. Ұлт басындағы кез келген мәселеге ұсақ демей, ірі демей жан алысып, жан берісіп кірісіпті. Сағат Әшімбаевтың шыншыл болмысына, әділ сөзіне, ғибратты ғұмырына көзімізді сатып қараймыз, қызығамыз.
Әшімбаевтың сындарымен танысқан шағымызда әдебиет деп аталатын бүтін әлемнің жай-жапсарына қаныға қоймаған, газет-журналдардан ғана көріп, оқып жүргеніміз болмаса тірі ақын-жазушымен таныспаған едік. Әдеби өмірдің былайғы жұрт естісе сенбейтін атмосферасын сезінбеген кезімізде бәрі кітаптағыдай болады деп ойлайтынбыз. Ардың сөзі ғана, әдебиет болашағы ғана талқыланып жататын рухани кемел әлемдей елестейтін. Көркем шығарма жарыққа шығады, сын жазылады, сыншы құрметтеледі деп ойлаппыз. Ылғи қошеметке бөленіп, сый көреді деп түсініппіз. Сыншыға бәрі жарасатындай еді. Әлдеқашан классик деп мойындалған ақын-жазушыларымыз Сағаттың сынына ілініпті, биік талғамынан өтпепті. Ә, солай болуы керек деп қабылдаппыз.
Сөйтсек, Әшімбаев Кекілбаевша айтқандай, «өз тұсындағы әдебиеттің ескеруге болатындай есімдері мен туындыларының ешқайсысын да елеусіз қалдырмапты»; «өңкей көкей жасықтарды көзінен тізіп ап, өңшең арық-тұрықты иығынан шұқылап бағатын орынсыз қазымырлыққа салынбапты»; «нағыз жасықты жұрттың өзі айтпасаң да тани алады» деп түсініпті.
Өмір көркем шығармадағыдай емес екен. Әдеби өмір сында да айқын көрінбейді. Шығармашылығына сын айтылған қаламгердің қандай күй кешкенін сыннан білуге болушы ма еді. Сыншының әдеби өмірге емес, сынға белсенді араласқанына куә кітаптары, естеліктері білімпаз адамның дидарын айқын көрсетеді. Пушкин заманында қандай ақынның кейін ескерілмей кеткенін, Толстойдың Пушкинді кімнің түсіндіруінен кейін мойындағанын, «Ағайынды Карамазовтардың» Достоевский өмірімен тікелей байланысын, Карамазовтардың прототиптерін Әшімбаевтың жазғанынан оқып алып, тап бір өзіміз тапқандай тоқмейілсу пайда болғанда тоғышарлыққа қарсы пайымдары санаңды қайта бір сілкіп өтетін. Әшімбаевтың уайымы – әдебиет хәлі. Абай айтатын «уайымсыздығыңа уайым қылды» берік ұстанған сыншы халықтың рухын оятуға күш салып, қаперсіз жүрісін уайым етті. Сағат Әшімбаев айтқан әлеуметтік ой-сананың дамуы, эстетикалық мұрат, көркемдік талап, рухани тоғышарлық бүгін де әдебиеттің гөй-гөйі. Түзеле алмай жатырмыз ба, әлде енді оңалып келеміз бе деген сауалға соған уайым қылатын адамның жоқтығынан емес, Сағатша күйіп-піспегендіктен жауап таба алмай келе жатқан жоқпыз ба?! Рухани күйдің мүшкіл хәлін, проза мен поэзияның қайталауға ұрынғанын, сынның қайратсыздығын, драматургияның көңілсіздігін, публицистиканың қайтқан жүзін сөз қылғансып «ыңыранамыз да отырамыз». Нақты, не себепті осы күйге душар болғанымызды білмегендіктен, одан шығудың тетіктері мынау-мынау деп ұсынбағандықтан, оның орындалуын табанды түрде бір-бірімізден талап етпегендіктен де рухани ауажайылушылыққа тап болып отырмыз. Неге сөзге тоқтауды ұмыттық? Тыңдауға ниет, естуге құлық болмаған соң, кім сөзін шығын қылғысы келеді. Майданды іздеп жүріп араласа кететін елдің бәрі Сағат еместігі еске түседі.
Әдебиетке ерте араласып, ерте танылған сыншы алғашқы «Сын мұраты» кітабы үшін Жастар сыйлығын алды. Ой тәуелсіздігіне жету шығармашылық адам үшін ең қиын жол. Біреудің ықпалынан шықпау дамуға апармайды. Немесе бағалауда да өзге ұлттың жазушыларын өлшем етіп алудың өзі тәуелділіктің көрінісіндей еді. Оны біз қазір түсініп жүрген шығармыз. Бірақ қазақ жазушыларын «Қазақтың Шолоховы», «Қазақтың Чеховы» деуді қою керектігін алғаш айтқан да Сағат болатын. Сыншының артында қалған әдеби мұрасы – оның өмірлік қағидалары мен ұстанымдарының айқын көрінісі. Алпысыншы жылғы тегеурінді топтың ішінде әдебиеттегі сапарын сыннан бастаған ақын-жазушыларымыз біртіндеп проза мен поэзияға біржола ауысқан шақта айтарын айғайламай жеткізер, біліммен, парасатпен ұқтырар сыншыға әдебиетіміз зәру еді. Сол тұтса Төлеген Тоқбергеновтің қасына жас Сағат Әшімбаев іркілмей келіп қосылған. Содан өмірінің соңына дейін әдебиеттің – ардың сөзін айтып өтті. Нәзік, жараланғыш болмысы ұлт, әдебиет мәселесіне келгенде қайраттанып кететін тұлғаның сыни еңбектері кейінгі жас буынға үлгі орнына қала бермек. Мейлі кем айтқан тұсы болсын, қызбалықпен ақын-жазушылардан артық талап еткен тұсы болсын, соның бәрі сыншы өмірінде болуға тиіс жағдаяттар ретінде есте болады. Айналаңдағы қаламдастармен бірде тату, бірде қату тіршілік кешіп жүретініңді, сонда да ар ісінен айнымауыңды Сағат жолы еске салып тұрады.
Оның бүкіл шығармашылық өмірінің лейтмотиві – азаматтық. «Азаматтық манифесі айқын емес халықтың болашағы да айқын емес» деген Монтень сөзін өзі де берік ұстанды. Оның сыншылығы алдымен азаматтықтан туған ба деп ойлайсыз. Өйткені, туған елдің әдебиетінің дамуына мүдделі болды. Соған қызмет етті. Өзінің азаматтық парызы, борышы деп қабылдады. Сыншысы ғана емес, әдебиеттің жоқшысына айналды. Сағат Әшімбаевтың айтқандарын, «Азаматтық формуласын» ақыл емес, кеңес деп қабылдағанымыз жөн. Ол – Сағаттың өзінің манифесі. Ал оны біз ұлттың азаматтық манифесіне айналдыра аламыз ба? Ол өзімізге байланысты. Адам, ең алдымен, азамат болмай, ұлтына жақсылық жасамайды екен. Біз бүгін азамат деген сөзді жалпақ жұртқа қаратып айта береміз. Ал Сағат үшін ол ең биік дәреже еді. Оның қазақ телевизиясына «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» бағдарламаларын шығаруының бір төркіні осы болатын. Өзін осы жұмысты істеуге міндетті санады. Ол үшін қанша күресті, әр бағдарлама эфирге шыққан сайын қандай дау-дамайдың астында қалса да жеңілмегені сол азаматтық позициясынан – айқындаушы күшінен еді. Ұлт мәселесінде кез келген дүниеге немқұрайлы қарамау керек деп түсінді. Келеңсіз құбылыстар, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты, озық пен тозықты, жақсы адам мен жаман адамды айырмаудың кесірінен болып жатқанын ашық айтты. Бұл жерде ол енді әдебиет сыншысы емес, қоғам қайраткері ретінде көрінді. «Государства погибают тогда, когда не могут более отличать хороших людей от дурных» деген Диоген сөзін тарқатып талдауы ең алдымен оның мемлекетшілдігін көрсетер еді. Азаматтық пен немқұрайлылықтың одақтаса алмайтынын, осы екеуін ажырата білуді түсіндіруге тырысты. «17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы» деп жазыпты күнделігінде. Азаматтық позициясын – формуласын кейінгі ұрпақ ұстанар, я ұстанбас. Ұлт намысын өмірден биік қояр, я қоймас. Оған Сағат зәру емес, біз мұқтажбыз. Әшімбаев өзі сол формуласынан бір ауытқымай ғұмыр кешкеніне сенесің. Ұлт болу үшін алдымен азаматтық, азамат болу үшін рухани елгезектік қажет. Соны ұғындырудың бір жолы жаппай насихатпен айналысу еді. Сағат Әшімбаевтың азаматтық болмысы Желтоқан оқиғасы кезінде айрықша көрінген. Ең көп айтылар сөз, ескерілер мінезі осы болса да, одан аттап та кете алмайтының тағы аян. Рубикжан Яхинге тапсырып, алаңдағы көріністі түсіріп алған кезі, ондағы қағажулар мен қақтығыстар естеліктерде анық жазылған. Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» мақаласындағы жан тебірентерлік оқиғалар Сағат Әшімбаевтың сыналған тұсы екенін де қазір ойлайсың. Сол сыннан аман өткен, сол амандыққа ұлтжандылығымен қапысыз жеткенін кейінгі біз бағамдай алсақ, сол да – сабақ. Алаңда қақаған аязда дірдектеп, бір-біріне жабысып отырған қаракөздердің тұсынан қолынан қайран келмей «қайтейін-ай» деп өтіп бара жатып, жан қалтасындағы дәрісін өзі алуға шамасы келмей қалғанын көз алдыңа елестетудің өзі жанға ауыр. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Желтоқсан» әңгімесіндегі көңілсіз көрініс тура сол естелікті оқыған кезде көз алдыңа келеді. Өзің де іштей «қайтейін-ай» деп күбірлегендей боласың. Тура сол қысылтаяң шақта Сағат Әшімбаевтың басына төнген қауіптен біреу қорғаса, біреу қуанды. Сағат өзі сәт-сапар тілеп, қолдау көрсеткен екі інісі «Парыз бен қарыз» хабарынан кейін үстінен арыз жазып, жоғарыға шағымданыпты. Онсыз да қайта-қайта Орталық комитеттің жиналысына түсіп жүрген Әшімбаев үшін бұл оңай соққы болмағаны анық. Осы оқиғаны айтқан Болат Қазиев ол «інілерінің» атын атамауды жөн көріпті. Көлбай Адырбекұлы да қазбаламапты. Бізге де керегі шамалы. Әйтеуір, олардың есімін жақсы білетін жанның барын білемін. Ең алдымен, ұстаз алдында, ұлт алдында қарабет болу тіпті «оңай» екенін есте сақтауға жақсы. Сағат Әшімбаевты «Алашорданың көзқарасын насихаттаушы», «ұлтын әсіре көтермелеуші» деп қудалап (жоғарыдағы арыз негізінде), біраз әурелеген. «Алтын қордағы» «Бес ғасыр жырлайды» хабарының біразын ұлтшылдықтың сарыны бар деп қырқып тастапты. Содан жиналыстан-жиналыс, тергеуден-тергеу болып, әбден қалжыратқан. Бірақ оған бола жеңіле салған Сағат болмапты. Әшімбаевқа жазылған жоғары жақтың теріс мінездемесін, сол жиналысқа қатысқан (жиналыстың мақсаты Әшімбаевты Телерадио комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босату) ұжымы түгел жоққа шығарып, адал азамат, іскер басшыны қорғап қалыпты. «Жұрт тарап жатқанда Әшімбаев отырған орнынан қозғала қоймайды. Жанынан өтіп бара жатқан Рафаэл Жұмабаев жапсарлас орындыққа тізе бүкті. Зал іші босаған кезде Әшімбаев терең күрсініп, іштегі шерін бір-ақ шығарды. Қоңырқай жүзі күңіреніп: «Реке, ұжымыма ризамын!» – деп қою кірпігін жұмып-ашқанда, қос жанарынан қос тамшы төмен қарай жылыстады» (К.Адырбекұлы. «Казахское дело).
Ұлтының рухани қазынасы үшін талмай қызмет қылған тұлғаның дидары жарық. Өзі ғана, осының бәрін мен істесем деген өзімшілдікке салынған жоқ. Халықтың керегіне жарайды-ау деген адамдардың бәріне қолұшын созды. Бұл, ең алдымен, ұлтқа жасалған жақсылық деп есептесек болады. Сағат Әшімбаев тәуелсіздікті көрмей кетті деп мен өкінбеймін. Ол көрмеген жарық күнді ұрпағы көрді, ұлты көрді. Сексен алтының қаһарлы күні табандап тұрып алған ұлтының қайратын көрді. Халқының алдындағы азаматтық ерлігі үшін билікке жақпай, таяқ жегенде қорғап қалғандарға қаратып: «ұжымыма ризамын!» деген сөзі енді уақытпен жаңғырып: «Ұлтыма ризамын» деп естілетіндей. Ұлтың да саған риза!
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»