Аталмыш жоба 1990 жылдан бастап балалар шығармашылығы арқылы мәдениеттер арасындағы келісімді орнату және қорғау мақсатында жұмыс істеп, білім және мәдениет саласындағы ЮНЕСКО бағдарламаларын дамытып келеді.
Айта кетсек, «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасын жыл сайын «Mitsubishi» корпорациясының қоғаммен байланыс жөніндегі комитетінің қолдауымен Жапония ұлттық ЮНЕСКО ассоциациялары федерациясы және Азия-Тынық мұхиты аймағының ЮНЕСКО клубтары мен ассоциацияларының федерациясы ұйымдастырып отырады.
«Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa 2017-2018» жобасының жаңа топтамасын бастау қарсаңында өтіп жатқан бұл көрмеде Бангладеш, Бутан, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Корея, Лаос, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Мьянма, Непал, Пәкістан, Сингапур, Қытайлық Тайпей, Тайланд, Тимор-Лесте, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония елдерінің 2015-2016 жылғы жоба жеңімпаздарының картиналары ұсынылды. Сондай-ақ, финалға шыққан қазақстандық сегіз жеңімпаздың әсерлі жұмыстары да көрмеге келушілер ықыласына бөленді.
Іс-шараға Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Андрей Шевелев, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Мемлекеттік Орталық музейі өкілдері қатысып, байқауға атсалысқан жеткіншектерге шығармашылық шыңдалу мен жетістіктер тілесті, еліміздің жарқын болашағына деген үміттерін білдірді.
Аталмыш жобаның алматылық үш жеңімпазына естелік сыйлықтар берілсе, ЮНЕСКО клубтарының жаңа мүшелеріне ресми түрде клуб мүшелігінің паспорты мен төсбелгісі табыс етілді. Көрме көрермендер назарына 14 сәуірге дейін ұсынылмақ.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ