Ең алғаш қазақтың осынау көркем қызын көргенде «Гүлшаш десе, Гүлшаш екен» дегенбіз. Жақсы атына сырттай ғана қанық жанмен жақынырақ танысу барысында кез келген мамандық адамдыққа негізделетініне тағы да көзіміз жетті. «Адалдығы жоқ кәсіп мұралы болмайды» дейтін оның ойлы сөзі көптеген замандастарымыз үшін көкейкесті.
– Мен кәсіпқой музыка маманымын, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаймын. Үлкен сахнада билеген кездерім болды. Және құдайдың берген әншілік қабілетіне де ие едім. Бірақ тұрмысқа шыққан соң осы өнерімнің бірін де жалғастыра алмадым. Дүниеге сәби әкелдім. Шын өнердің шыңына жету үшін жеке өмірді құрбандыққа шалу керек. Ал мен бірінші орынға отбасымды қойдым. Әйел болған соң бала тәрбиелеуің керек, күйеудің жағдайын жасау қажет.
Бұл бизнесті бастауыма не түрткі болды? Студент кезімізде музыка пәнінің мұғалімдігіне дәріс алып жүргенде, гримдеу-әрлеу сабақтарын өтетінбіз. Осы сабақты ұнатушы едім. Сахналық образдар, күнделікті қалай бояну керек, кешкі сән-салтанатқа арналған боянулар қандай болады, осыған машықтанып жүрдік.
Ал 1997 жылы жеке кәсібімді бастағанда, экономикалық қиындықтардан кейінгі халықтың тұрмысы мәз емес еді. Жұрт өз өзін күтіп, боянып-сыланбақ түгілі, күнделікті жейтін тамақ, жолкіре табудың өзі де мәселе болды. Соған қарамастан, Қытайға барып, косметология мамандығы бойынша білімімді байыттым. Нәсіп болар кәсіптің қыр-сырын тереңірек үйренуге бел байладым.
Әрине, бизнесім бірден дөңгелеп кеткен жоқ. Басында айына 6 мың теңгеге жалданып істеп жүрдім. Азсынған жоқпын. Басында кішігірім салонды жалға алып, қызмет көрсетіп жүрдік, – дейді Гүлшаш Әубәкірқызы.
– Кешегі және бүгінгі косметологияның арасы жер мен көктей болар?
– Кез келген мамандықты адалдықпен атқарсаң, алысқа барасың. Аталмыш салаға келгендердің көпшілігі алдымен ақшаны ойлайды. Бір ғана мысал, қазір қыз-келіншектердің көпшілігі кірпік жалғатуға әуес. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып, жасанды кірпік жабыстырып алған. Бірінен-бірі айнымайтын татуаждар. Тіпті, ерсі көрінетін қастар бар. Қарасаңыз, жап-жас қыздар үш күндік курстарға барып, шала-шарпы үйреніп алып, кірпік жабыстырып, татуаж жасап, тырнақ бояп, амалдап ақша тапқысы келеді.
Әрине, бір кәсіпті үйренуге деген талпыныс жақсы. Бірақ, сол желіммен жалғанған кірпіктерден кейін адамның өз кірпіктері саудырап түсіп қалады. Өйткені, желімнің химиялық құрамы өте күшті, көзге тигізетін зияны да көп. Косметологиялық желім деген болмайды. Мен кірпік жалғатуға келгендерге мәселенің мәнісін түсіндіріп, кеңес беремін. Әрине, бір аптаға дейін әдемісі әдемі, ал одан кейінгі зияны қаншама?! Қазір косметология дамыған. Жасандылыққа ұрынбай-ақ, кірпікті тітіркендіру әдісі арқылы дәрумендермен қоректендіріп, өсіруге болады.
Осы салада жүріп, маман ретінде мен де біраз ой түйдім. Тағы да айтамын. Мысалы, неше түрлі қымбат косметика, атағы жер жарған бренд тауарлар бар. Біз сол кремдердің көпшілігінің атын жағамыз, атына ақша жұмсаймыз.
Қазір қыз-келіншектер сұлу көріну үшін пышаққа түсіп, ботокс сияқты әдістермен бетінің жанын кетіріп, қабағын кескізіп, бәріне барады. Тіпті, сапасыз пластикалық операциялардан өліп кетіп жатқандар да бар. Міне, осының бәрі ақша табудың кесірінен болып жатыр. Қаншама әйел өзінің табиғи бет-бейнесінен, айнаға қарауға жүрегі дауаламайтын жағдайлар орын алуда. Адамның денсаулығы мен келбетіне қатысты кәсіппен айналысатындар бірінші кезекке адалдықты, сапаны қою керек. Қауіпсіз болуына жауапты болуы тиіс. Қазір елдің көбі косметология саласын жылдам байитын бизнес деп ойлайды. Мүлде олай емес. Егер ар мен жауапкершілікті ойламасаң, алысқа бара алмайсың.
Өзім де әйел болған соң, әуестеніп 600-700 доллар тұратын бетмай жағып көргенмін. Солардың көпшілігі табиғи өнімдерге жете бермейді. Тіпті, кейбірі Қазақстанда шығарылған өнімдерге татымайды. Қазір өзін күтемін деген қыз-келіншектерге ақшаның жоқтығын алға тартып қайғырудың қажеті шамалы. Үйде отырып-ақ, табиғи өнімдерден беттің құрғақ-майлылығына қарай маскалар жасап, теріні нәрлендіріп, серпінділігін сақтауға болады. Қазір жұрттың көзі ашық, оның қалай да-
йындау әдістері мен құрамын интернет арқылы оп-оңай тауып алады.
Қазір қолымда қаншама косметика тұрса да кәдімгі балғын үй қаймағына, дәрумендер мен жеміс-жидектерден тұратын қолдан жасалған косметикаға жүгіну дұрыс екеніне көзім әбден жетті.
Сұлу болып көрінгісі келген адам бірінші кезекте жүрегін таза ұстасын. Адамның ішінен шығатын әдемі ниетке ештеңе жетпейді. Содан кейін жүйке тыныш, ұйқы қанық болуы керек. Егер түнімен қыдырып, ішімдікке әуестеніп, ойын-сауықтан қолың босамайтын болса, келесі күні саған мың жерден жағылған косметика да көмектеспейді, дейді Гүлшаш.
– Дегенмен, қандай косметологиялық жаңалықтармен қуанта аласыз?
– Қазіргі адамдардың басын қатырған мәселе – арықтау. Өз-өзіңді тамақтан шектемей зиянсыз арықтау болғандықтан, шетелдерге барып, осының ең тиімді әдістерін оқып, машықтанып, тәжірибе жүзінде қолдануға көштік. Қандай арықтау әдісі болса да, сен аузыңды тыйма деп ешкім айтпайды. Етіңнен ет кесіп алып тастаса да, тамағыңды тыймасаң үрленген шар сияқты кете бересің. Ал біздің жаңа арықтау әдісімізде ет, бауырсақ жеуге де болады. Ең бастысы, суық нәрсе жеуге тыйым сала отырып, ағзадағы нүктелерге 10-15 минут уқалаумен әсер етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл әдіспен 15 күнде 5 кило салмақ тастауға болады.
Ал енді бетке әжім түсірмеу де қыз-келіншектер үшін мәңгілік мәселе болып қала береді. Біз қазір қабақты көтеру, салбыраған ұртты кетіру, көз айналасындағы әжімдерді нүктелерге әсер ете отырып, жазу әдісін қолданып жүрміз. Көбіне емдік шөптер, балдың түрлерін пайдаланамыз. Айналып келгенде, табиғаттың берген көркем мінезі мен табиғи өнімдерге ештеңе балама бола алмайды, дейді біздің Гүлшаш.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ