Мұрағат деректерінде жазылғандай, Тілеулі Аллабергенұлы ауқатты, бай отбасынан шыққан. Діни нанымға берік, алғыр, тапқыр адам болған. Бұған қоса кеңпейілділігі, мейірімділігі, жомарттығы, жетім-жесірлерге қайырымдылығы ел арасына кең тарап, халық арасында құрметке бөленеді. Сондықтан халық оны көкке көтеріп, Әзірет Сұлтан кесенесінде өткен кезекті айт намазы кезінде оған «Мыңбасы» атағын береді.
Тілеулі Мыңбасының көзін көргендер оны орта бойлы, қараторы келген, өткір көзді жан еді деп суреттейді екен. Жүректі, алғыр, шешен, әр нәрсені алдын ала болжай білетін көреген адам болған деседі. Мыңбасылық орынға да өзінің осындай сегіз қырлы, бір сырлы ғажап мінезімен жетсе керек. Осы қызметін, өзінің жеке байлығын, әкесі Аллаберген байдан қалған қыруар мал-мүлікті, жер-суды Тілеулі Мыңбасы елдің игіліне пайдаланған. Қаланың әр жерінен кедей-кепшік, аш-жалаңаштарға арнап ыстық тамақ беретін арнаулы орындар салдырған. Қыздар, балалар үшін арнаулы мектептер ашып, мұғалімдеріне көмек жасап, жалақы төлеп тұрған. Тілеулі Мыңбасының осындай жоғары адамгершілігі, парасаттылығы халық арасында оның беделін арттыра түскен. Ол кезде әр отбасына міндеттелетін түтінпұл деген салық болған. Соны төлеуге шамасы келмеген отбасының қарызын қаладағы байлардың мойнына іліп, төлеттіріп отырыпты. Мыңбасының жеке басының қасиетін, әділдігіне тәнті болған байлар да Тілеуліні құрметтегендіктен, айтқанын екі етпеген.
Тілеулі Мыңбасының 1907 жылы Ресейдің ІІ Думасына Сырдария уәлаятынан депутат болып сайлануына да халық арасындағы осындай биік беделі әсерін тигізген болуы керек. Бұл мәслихатқа Түркістанның маңайындағы аймақтардың болыс-билері, байлары, зиялы азаматтары жиналып, Дума депутаттарын зор дайындықпен қарсы алып, Тілеулі Мыңбасының үйінде күндіз-түні жиын өткізеді. Осы жиында Тілеулі Мыңбасының Думада сөйлейтін сөзі, Дума мінберінен қоятын мәселесі пысықталады. Кейін Думада сөйлеген сөзінде сауатсыз қазақ жастарын әскер қатарына шақырмау, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ ауылдарында емдеу мекемелерін ашу, тағы сол сияқты халық арасында өзекті болып отырған мәселелерді көтереді. Бір сүйсінерлігі – Тілеулі Мыңбасының ортаға салған пікірлерінің алаштың ардақты азаматтары Әлихан Бөкейханның, Бақытжан Қаратайдың ойларымен ұштасатыны. Бастауыш сыныптық қана білімі бар ел ағасы ойларының қазақтың Ә.Бөкейхан сияқты данышпан ұлдарының арман-тілегімен бір арнада тоғысуы Тілеулі Мыңбасының көкірегі күмбірлеген жан болғанын аңғартса керек.
Тілеулі Мыңбасы алпыс жасты алқымдағанда әйелі қайтыс болады. Бұл әйелінен Мақан атты ұл бала сүйеді. Мақан Тілеулінің өзіне тартып, алғыр, батыр болып ержетеді. Ел арасында оның өжеттігі, ақылдылығы жөнінде әңгімелер кең тарайды. Бірақ ұлы ертерек қайтыс болып кетеді де, Тілеулі Мыңбасы күйікке шыдамай ауруға ұшырайды. Кейінгі әйелінен бір ұл, бір қыз сүйгенімен, олардың қызығын көре алмай көз жұмады. Ұл мен қыздан тараған ұрпақ қазіргі кезде өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.
Бүгінгі күнге дейін ныспысы ғана белгілі болып келген қайраткер Тілеулі Мыңбасыға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелердің ұзын-ырғасы осындай. Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр толып отырған бүгінгі күн биігінен өткен тарихымызды шолған кезде жеткен жетістіктерімізге осындай аяулы ағаларымыздың да сіңірген еңбегі зор деген ой түйеміз.
Тілеулі Аллабергенұлының есімін ұлықтап, өткен тарихымыздағы бізге беймәлім тұстарын ашуда тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаевтың сіңірген еңбегі зор.
Осындай тынымсыз еңбегі арқылы ұрпақ сабақтастығын сақтауға үлес қосып және жас ұрпақтың бойына тарихи-танымдық құндылықтарды дарыту бағытында атқарған ғалымдарымыздың еңбегін ұлт тарихының нағыз жоқтаушылары деп тануымызға болады.
Жеңісбек Мәуленқұлов,
Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы