Бағдарламаның арқасында елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер қатары артып келеді екен. Бұл туралы Үкімет отырысында негізгі мәселе бойынша баяндама жасалған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 82 пайызды құраған. Мәселен, 2014 жылы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 72,1 пайыз болса, 2015 жылы 76,3 пайызға жеткен. Үш тілді меңгерген xалықтың үлесі де жақсарған көрінеді. Ересек тұрғындар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда, үш тілді меңгергендердің үлесі – 20,5 пайыз.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және басқаларды қосқанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленді», деді А.Мұхамедиұлы.
Бағдарлама аясында терминология, аударма жайындағы мәселелерге де барынша мән беріліп, бұл бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартқан министр, ономастикаға да айрықша көңіл бөлінетінін айтты. Бұл ретте А.Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газетінде көше атаулары жайында жарық көрген сыни мақалаларға қатысты Елбасынан тапсырма алғанын жеткізді. (Айгүл Аханбайқызы. «Алматыда 34 Әуезов, 24 Абай көшесі бар», 19.01.2017; Ғалым Омархан. «Атауға абай болған абзал», 04.02.2017). Мақалада көтерілген мәселенің мән-жайы қаралып, тиісті шешімдер шығарылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 91 пайызды құраған. Ал елімізде 87 аймақтық қазақ тілін оқыту орталықтары жұмыс істеуде. Министр дегенмен статистикалық-есеп және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге ауыспау фактілері бар екендігіне де тоқталды.
Бүгінгі таңда бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары аяқталды. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асырудың тиімділігіне бағалау жүргізілгенін жеткізді. Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсеткен, балдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 балдан 2,66 балмен бағаланған. «3 критерий бойынша бағалаулар біршама жоғары болды. Мақсатты индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 88 пайызды құрады», деді Ұлттық экономика министрі. Т.Сүлейменов атап өткендей, Мәдениет және спорт министрлігінің есебіне сәйкес, соңғы 3 жылда бағдарламаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бағытталған, оның ішінде 14,9 млрд теңгесі немесе 89,3 пайызы игерілген.
Тақырыптың қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев тілдерді одан әрі дамыту мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру аясында жүзеге асырылмақ. Осыған орай Үкімет басшысы тілдерді дамыту еліміздегі басымдықты міндеттердің бірі болып табылатынын айтты, соған орай мемлекет барлық ұлыстардың тілдерін және үштілділікті дамытуға жағдайлар жасауда. Мемлекет басшысының Жолдауында үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен ауысуға ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан да Үкімет алдында осы тапсырманы қамтамасыз ету міндеті тұр.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне, әкімдерге түсіндіру жұмыстарына барынша күш салып, халыққа қазақ тілін үйретудің тегін курстарын ұсыну жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Премьер-Министр өзге тілдерге үйрететін курстардың да қолжетімділігін арттыруға, соның ішінде интернет желісінде арнайы ақпарат көздері арқылы оқытуға көңіл бөлу керектігін және тілдерді оқытудың соңғы шыққан заманауи әдістемелері мен оқу құралдарын шығару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев тілдерді үйрету үшін бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін пайдалану керектігін және арнайы бағдарламалар мен үйрететін бейнеөнімдерді әзірлеу жұмыстарын ретке келтіру қажеттігін атап өтті.
Үкімет отырысында сондай-ақ, терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жайы да талқыланды. Сол сияқты, жиынның басында, әдеттегідей, Премьер-Министр қазіргі науқандағы күрделі мәселе – су тасқыны қаупіне ұшырауы мүмкін өңірлерді қауіпсіздікпен қамтамасыз ету шаралары жөнінде әкімдердің есебін тыңдады. Ішкі істер министрі Қ.Қасымов және де Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері өңірлердегі жағдайды баяндады. Үкімет басшысы министр мен әкімдерге жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»