Көзайымға айналған кешен
Маңғыстау топырағы – «Ақмышта туып, АҚШ-та жүлде алған» желаяқ Әмин Тұяқов, қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлы және басқа жетістіктерін айтпағанда, екі дүркін Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов сынды саңлақ спортшыларды түлеткен топырақ. Өңірде бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлініп, тұрғындардың спортқа қызығушылығын қанағаттандыру, мүмкіндіктердің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. 140 мың тұрғын мен облыстың барлық аудан, қалаларынан, еліміздің бірқатар басқа қалаларынан келіп, білім алып жүрген жастардың мекені болған облыс орталығы Ақтау қаласында заманауи ауқымды спорт кешенінің жоқтығы көңіл құлазытатын. Жылдан-жылға қанатын жайып, қатарына жаңадан жекелеген үйлер мен ғимараттар емес, тұтас шағын аудандар қосылып жатқан Ақтаудың кеше ғана тұсауын кескен 33-шағын ауданында көрікті спорт кешені пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы мұнайлы өлкеге сапарында алдымен маңғыстаулықтардың, әсіресе спортсүйер жұртшылықтың көзайым қуанышына айналған «Маңғыстау-Арена» спорт кешеніне барды.
2,5 га жерді алып жатқан спорт кешенінің құрылысы 2014 жылы «НКОК» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері бағдарламасы аясында басталған еді. Құны 23 млрд 300 млн теңгені құраған алып құрылысты «Нұрсәт» ЖШС табысты аяқтап шықты. Статистика Маңғыстау облысындағы 640 мыңға жуық адамның 25 пайызы, яғни 158 250 адам денешынықтырумен және спортпен айналысады дегенді айтады. Өңірде 12 мың бала 18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тегін қатысады, сондай-ақ 569 спорт ғимаратының 260-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Өткен жылы облыста 14 жаңа спорттық нысан іске қосылса, алдағы уақытта тағы да 5 нысанның құрылысы басталмақ. Биыл пайдалануға берілген екі кешеннің бірі – «Батыр» спорт кешені, екіншісі – алып «Маңғыстау-Арена» спорт сарайы. Жастарды тоғызқұмалақ, еркін күрес, қазақша күрес, каратэ, көркем гимнастика, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, у-шу, таэквондо, аэробика, кикбоксинг сынды олимпиялық және ұлттық спорт түрлеріне дайындауға мүмкіндіктері мол кешенде фитнеске арналған жаттығу залы, ауыр атлетикамен айналысатындар үшін тренажер залы бар. 550 шаршы метрді құрайтын кешеннің 9333 шаршы метрлік алаңында үстел теннисі, футбол, баскетбол, волейбол залдары, сондай-ақ жекпе-жек пен жеңіл атлетикаға арналған залдар бар және кешенде бір күнде 1500 адам жаттыға алады. Сыртқы келбеті қала көркін асыратын ғимараттың ішкі жағдайы әртүрлі деңгейдегі спорттық додаларды, чемпионаттарды өткізуге мүмкіндік береді. Жергілікті мамандардан құралған 100-ден астам адамның қызмет орнына айналған аренада 50 бапкер жастарды спорттың алуан түріне баулуда.
енаның» әлеуеті туралы Маңғыстау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Байжанов таныстырды. Н.Назарбаев көрікті де зәулім спорт сарайында Маңғыстау облысының жастарымен және спортшыларымен, спорт ардагерлерімен кездесіп, жас спортшылардың оқуларына және спорттағы жолдарына сәттілік тіледі.
Еркін аймақтағы ерен істер
Теңіз жағалауында орналасқан Маңғыстау өңірі инвестиция тартуға және теңіз жолы арқылы шетке импорт шығарып, экспорт қабылдауға барынша қолайлы. Ол үшін алдымен ыңғайлы жағдайдың қажеттігі белгілі. Осы орайда өз кәсібін ашып, нәсібін табамын дегендерге түрлі жеңілдіктермен ашылған, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор, ал мақсаты – өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін, соның ішінде, құрылыс индустриясы, мұнайхимия, мұнайсервис, көлік және логистика салалары үшін инвестиция тарту болып табылады. Бірнеше субзоналарға орналасқан кәсіпкерлік нысандар ел дамуына өз үлестерін қосуда. Нақтырақ айтсақ, құрылу кезінен бастап аталмыш арнайы аймақ аумағында 236 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 84 млрд теңге тартылды, 20,8 млрд теңге салық ретінде бюджетке түсті және 1023 тұрақты жұмыс орны ашылды. АЭА аумағында тіркелген 30 жобаның 15-і жүзеге асырылды. Биыл 11 жоба жүзеге асырылып жатса, тағы 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Арнайы экономикалық аймақтағы әлеуетті жобалардың бірі – жуырда іске қосылған «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС 4,2 га жерді алып жатқан орталықта 10 000 м³ орын қоймаларға бөлінген. Жерінің табиғи ерекшеліктеріне байланысты көкөніс, жеміс-жидек түрлерін сырттан, әсіресе, теңіз жолдары арқылы Әзербайжан елінен тасуға мүдделі маңғыстаулықтар үшін «Азерсунның» көмегі әзір. Тонналап әкелінген көкөністерді арнайы қоймаларда сақтап, халыққа жеткізіп отырады.
Кеше ғана Әзербайжан елінде болып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуды айтқан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ақтауда «Азерсун өндіріс және логистика орталығында» болып, орталықтың жұмысымен танысып, жұмысшыларымен кездесті. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көкөніс сақталатын қоймаларды аралап көрді.
– Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет, – деді Елбасы.
Инвесторы әзербайжандық «Анадолу Инвестмент Компани» ЖШҚ болып табылатын орталық құрылысына 4,56 млрд теңге жұмсалып, 15 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Мұндағы жабық қоймалардың аумағы 8730 шаршы метрді құрайды, соның ішінде, құрғақ жүктерді, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған және мұздататын қоймалар бар. Барлық қоймаларға паллет ыдысындағы тауарларды сақтауға арналған 4 қабатты сөрелер орнатылған, штрих-коды бар бағытталған және орталықтандырылған бақылау жүйелері ұйымдастырылған. Жобаны жүзеге асыру Маңғыстау облысының сыртқы нарығын жоғары сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген сенім бар.
Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» АЭА-да орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында болу арқылы Каспий теңізіндегі көлік инфрақұрылымының дамуымен танысты. Каспий теңізіндегі көлік-логистика саласының дамуы мен бағытттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаев баяндап берді. Елбасы бұдан екі жыл бұрын Маңғыстауға кезекті жұмыс сапары барысында іске қосылуына бастау берген Ақтау теңіз солтүстік терминалы жобасының құны 37,5 млрд теңгені құрайды. «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағының 39,4 гектар алаңында бір уақытта 5 000-ға дейін контейнер (TEU) мен 170 000 тоннаға дейін негізгі жүкті сақтауға болады. Заманауи көп мақсатты терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде, 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта терминал астық, металл, контейнерлер мен негізгі жүктерді қабылдап жібереді, вагондарға жүкті тиеп, оларды түсіреді, кемелерге кешенді қызмет көрсетеді.
Н.Назарбаев кәсіпорын ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың пікірін тыңдады.
– Еңбек нарығындағы тұрақсыздықты жою және аймақ тұрғындарын жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігімен жасалған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасының аясында терминал үшін 27 адам оқытылды. Олардың көбі біз үшін қажетті мамандар – механизатор-док жұмысшылары мен тальмандар. Олар Санкт-Петербург қаласының жанындағы теңіз портында оқытылды, – деді «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС бас директоры А.Қарабасов. Кәсіпорын 190 тұрғынды жұмысқа алып, өңір тұрғындарының жұмыссыздық мәселесін шешуге сәл де болса көмегін тигізіп тұр.
Екі сағатқа созылған емен-жарқын жүздесу
Мемлекет басшысы мұнайлы өңірдегі жұмыс сапарын өңірдің жұртшылық өкілдерімен – аудан, қала әкімдерімен, депутаттармен, салалық басқармалар басшыларымен, кәсіпкерлермен және жастармен кездесумен қорытты.
Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудың ел өнеркәсібіндегі үлесінің артқанына тоқталды.
– Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 триллион теңгеден асты. 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 миллиард теңге болды. Бұл – 2000 жылмен салыстырғанда 12 есе артық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының елеулі энергетикалық, өнеркәсіптік және көлік-логистикалық әлеуеті бар екенін айтты.
– Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан әрдайым құрлықтағы ел болып саналып келді. Бүгінгі таңда біз құрлық ауқымымен шектеліп қалмай, томаға-тұйықтық шеңберін бұздық. Ақтауда заманауи теңіз портын салдық, бейнелеп айтқанда, «жолсыз жерден жол аштық», – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жүйелі дамудың жарқын мысалы ретінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев шекара маңындағы ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.
– Қазақстан әрдайым көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті өңірдің әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 640 мың адам болды. Халықтың өмір жасы да ұзарып келеді. Осы жылдар ішінде 271 мың бала дүниеге келді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Тарихи Отанына 125 мыңнан астам адам оралды. Бұл – тұтас бір қала. Ширек ғасырда медицина мекемелерінің саны екі жарым есе, ал мектептер екі есе артқан. 229 балабақша пайдалануға берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндады.
– 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторлары тұрақты деңгейде сақталды. Энергетика нарығындағы баға конъюнктурасының ауытқуына байланысты екі көрсеткіш бойынша ғана төмендеу байқалды, олар – өнеркәсіптік өндіріс көлемі және негізгі капиталға салынатын инвестициялар.Осы қорытындыларды, сонымен қатар, өңір экономикасы дамуына қосымша серпін беретін бағыттарды есепке ала отырып, біз алдағы уақытқа негізгі басымдықтарын айқындадық, дей келе, жыл соңына дейін аймақтық экономиканың оң өсімін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін шараларды қабылдау, аймақтағы ауыз су мәселесінің өткірлігі және оны шешу жолдары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, тұрғын үймен қамтамасыз етуді және кәсіпкерлікті белсенді дамыту бағытындағы жоспаларды ортаға салды.
Туу көрсеткішінінің жоғарылығы мен халықтың көші-қоны бізге бала-бақшалар мен мектептердің құрылысын тездетуді міндеттейді. Тапшылықты болдырмау мақсатында осы жылы бірден 8 жаңа мектептің құрылысын бастаймыз. Ол үшін республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін пайдалану арқылы балабақшалар санын 35-ке дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы жылы ірі денсаулық сақтау нысандарының құрылыстары үшін, ол – Ақтау қаласындағы ауысымына 500 науқасты қабылдайтын емхана мен 300 төсекті көпсалалы аурухананың, Жаңаөзен қаласындағы медициналық орталықтың құрылыстарына арнап жекеменшік инвестицияны тарту көзделуде. Аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің даму қарқыны бар. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес біз оны әрі қарай жетілдіретін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тұрғын үйлер салу қарқынын әрі қарай дамытатынын және облыс орталығындағы жаңа шағын аудандардың құрылысы үшін инвестиция тартатынын, көпшілік кәсіпкерлік пен тиімді жұмыспен қамту бойынша жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды жетілдіретінін айтып өтті. 2017 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 250 шағын несие бөлу, 165 бизнес-бастамаларды субсидиялау жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы облыс бойынша 26 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.
– Өңірлік экономиканы дамыту бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ең алдымен, жұмыспен қамтылуды сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек мобильділігін арттыруға, өңірдің кәсіпорындарындағы көпшілік қысқартуларды болдырмауға бағытталады. Бүгінгі таңда өңірлерде, сіз айқындап берген міндеттер мен тапсырмаларды орындауға барлық қажетті мүмкіндіктер бар. Осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, еліміздің және өлкеміздің дамуы жолында алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге бар күш-жігерімізді салатынымызға сенім білдіремін, – деді Ералы Тоғжанов. Мемлекет басшысы жаңа қызметке тағайындалған аз уақыттың ішінде облыс, аудан, қалаларын аралап, өңірді зерттеп-зерделей алғаны үшін аймақ басшысына ризашылығын айтты.
Кездесуде «Лукойл Оверсиз» компаниясының аймақтық координаторы, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Күмісқали, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Мұнайлы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Әміров, Назарбаев зияткерлік мектебі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Н.Келехсаева, геолог О.Белоножкина, ардагер К.Егізқараев, Ақтаудағы әскери-теңіз базасы жауынгерлік ракета-артиллериялық «Орал» кемесінің байланысшысы Ж.Ибраева, «Болашақ» стипендиясының түлегі, «Каспиан Меруерт Оперейтинг Компаний» компаниясының жетекші инженері Ержан Абылханов сөз алып, өз өмірлеріндегі және өз қызметтеріндегі елеулі жаңалықтарды бөлісті, Қазақстандағы жайлы өмір, тыныштық үшін, жарқын жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік жасағаны үшін Елбасына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Мемлекет басшысы одан әрі Кәсіпкер әйелдер ассоциациясының төрайымы, кәсіпкер С.Жақаеваны, Жастар орталығының жетекшісі Г.Бұрхандинованы және Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректоры Б.Әділбековті, Бейнеу ауданының әкімі Б.Әзірхановты, Ақтау қаласының әкімі С.Трұмовты тыңдады. Ақтаудағы жалғыз мемлекеттік университеттің жұмысын сынға алған Н.Назарбаев Университет басшылығына сыннан қорытынды шығаруға кеңес берді.
– Ақтау архитектурасына мән беріңіздер, теңізден де, келесі беттен қарағанда да көз тартатын болсын. Арнайы «Архитектуралық Бас жоспар» жасақтау қажет. Ақтауда жасыл ағаштар жоқ, сондықтан, үйлерді әдемі етіп салып, көк теңізбен үйлестіре көрікті етіп безендіру қажет. Сіздерде қазір үйлер бірыңғай түсте, көз тартпайды. Сондай-ақ, демалыс орны қонақтар үшін қызықты болуы үшін қала маңында болған жөн, деген Елбасы Ақтау қаласының әкімі С.Трұмовқа Ақтауда туристік ортаны, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, су мәселесін шешіп, көгалдандыру мәселесін күн тәртібіне қою керектігін тапсырды.
Н.Назарбаев екі сағатқа жуық әр сала бойынша ашық әрі жан-жақты әңгімелескендері үшін кездесуге қатысушыларға алғысын айтып, Қазақстанды дамыту үшін бірге жұмыс жасай беретіндіктерін, өзінің әрдайым елінің сенім-қолдауына сүйенетіндігін жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды