«Киелі Маңғыстау жерінде сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Қазір елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайларды өздеріңіз көріп, біліп отырсыздар. Мына жақта терроризм, Ресейдегі жағдайды да естіп отырсыздар. Екі империяның ортасында орналасқан елміз. Барлығының бізге ықпалы болады. Біз сыртқа шығарып сататын мұнай-газдың бағасы құлдырап кетті. Бюджетке түсетін қаражат 40 пайызға азайды. Соның барлығына қарамай, тік тұрып өсіп келе жатқан Қазақстан деген еліміз бар», - деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің үш бірдей ұлы дағдарыстан аман қалғанын атап өтті. «Біріншісі, Кеңес одағы күйреген кез. Не істерімізді білмей, бұл қазақ ел бола ма, болмай ма деп елдің бәрі айтқан кез. Екінші, Шығыс Азияда болған дағдарыс. Үшіншісі - 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік жаһандық дағдарыс. Соның бәрін ескере келіп, былтыр 25 жылда жеткен жетістіктерімізді дүниежүзіне паш еттік. Осы жылдардың ішінде еліміз қуатты мемлекетке айналды. Әлемдік картада жоқ Қазақстанды шегелеп тұрып қойдық, дәрежесін көтердік. Бүкіл Дүниежүзі сыйлайтын, құрметтейтін ел болдық. Оның нақты белгісі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне сайлануымыз», - деді Елбасы.
Арнұр Асқар,
«Егемен Қазақстан»