Осыған дейін Сен-Пьердің өзі де Қазақстан атынан халықаралық турнирлерге қатысқысы келетінін ашық айтқан болатын.
«Ұлттық құраманың деңгейінде ойнамаған едім. Егер Қазақстан құрамасынан ұсыныс түсер болса, қуана-қуана келісер едім», – деген болатын Мартен Сен-Пьер.
Дегенмен, хоккейшінің биылғы әлем чемпионатына қатысатыны белгісіз. Себебі, Қазақстан құрамасының бас бапкері Эдуард Занковец бұл жөнінде нақты жауап бермеді.
Әлем чемпионатында бірінші дивизионның «А» тобындағы ойындар Киев қаласында 22-28 сәуір күндері өтеді. Ал жоғары дивизионның екі жолдамасы үшін Қазақстан, Украина, Австрия, Польша, Венгрия және Оңтүстік Корея елдері таласады.
Айта кетейік, Ұлттық хоккей лигасында Сен-Пьер «Чикаго Блэкхос», «Бостон Брюниз» және «Монреаль Канадиес» ұжымдарында ойнаған. Осы командаларда барлығы 39 ойынға қатысып, сегіз (3+5) ұпай жинады.
Ал Құрлықтық хоккей лигасында «Нефтехимик», «Медвешчак», «Барыс» және Суперлигада «Химик» командаларының намысын қорғады. Мұнда ол барлығы 198 ойынға қатысып, 103 ұпай (33+70) жинады.
33 жастағы Мартен Сен-Пьердің «Барысқа» келгеніне екі жыл болды. Енді Қазақстан атынан сынға түсуге толықтай құқы бар. Ұлттық құраманың сапына осымен бесінші солтүстікамерикалық хоккейші қосылып отыр. Бұған дейін канадалық Кевин Даллмэн, Найджел Доус, Дастин Бойд және америкалық Брэндон Боченски тартылған.
Кевин Даллмэн 2013 жылдың қаңтар айында Қазақстан азаматтығын алды. Бүгінге дейін ол 2014 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіне, 2014 жылы Минскіде әлем чемпионатына, 2015 жылы әлем чемпионатының бірінші дивизионына қатысты.
Найджел Доус Канада құрамасымен 2004 және 2005 жылдары жастар арасында әлем чемпионатына қатысып, сәйкесінше күміс және алтын жүлегер атанды. Ал 2016 жылы Қазақстан құрамасының намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Дастин Бойд та алғашында өз елінің атынан ірі жарыстарға қатысқан. Канада ұжымымен 2006 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Ал Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін 2016 жылы Мәскеуде әлем чемпионатына қатысты.
Ал америкалық Брэндон Боченски 2014 жылы Қазақстан азаматы атанды. Мәскеуде өткен әлем біріншілігіне қатысты.