Төрешінің ысқырығы естілісімен шығысқазақстандықтар айдын иелерінің қақпасына бірден лап қойды. Түмендіктерді қыспаққа алып, қақпадан саңылау табу үшін бірнеше жойқын соққы жасап үлгерді. Кездесудің 13-минутында Денис Игнашин мергендігімен танылып, «Торпедоны» алға шығарды. Ал екінші кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Максим Веревкин матчтағы екінші және соңғы шайбаны соқты.
Өз кезегінде жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысқан «Рубин» хоккейшілері де қарап қалмады. Діттеген мақсатқа жету үшін барын салып бағып еді, бірақ бұл жолы жерлестеріміздің мысы басым болды.
Алғашқы ойында есе жіберіп, келесі үш матчта қарсыласынан басым түскен «Торпедоға» енді бір ғана жеңіс жеткілікті. Егер, ертең өскемендіктер өз айдынында жеңіске жететін болса, онда хоккей ұжымы өз тарихында тұңғыш рет Братина кубогының финалына жолдама алады.
Аян Әбдуәли,
«Егемен Қазақстан»