Қазір мұндағы құрылыс жұмыстарына жалпы саны 38 техника жұмылдырылып, күніне 300 метр коллектор тазалануда.
Естеріңізге сала кетсек, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданына жасаған сапарында иесіз қалған су арналарын мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді, оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай, бүгінде облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Мақтаарал ауданында жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 51 коллекторды тазалау жұмыстарын бастады. Тазалау жұмыстары алдағы бір айдың ішінде аяқталуы тиіс.
Жалпы, Мақтаарал ауданында колекторлық жүйелердің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Соның 400 шақырымы 15-20 жылдан бері тазаланбай, қамыс басып кеткен болатын. Ағын су жіберу қабілеттелігінен айырылған коллекторлар толығымен тазаланса, өңірде ағын су тапшылығы едәуір азаяды, дейді мамандар. Сондай-ақ, каналдарды тазартумен қатар, онда ағатын суды таза сумен араластырып, насостар арқылы қайта пайдалану қарастырылуда. Ол үшін 30 насос сатып алынған.