«1 сәуірде Жаман Сарысу өзеніндегі көпірде қар суы деңгейінің көтерілуіне байланысты "Ақсу-Аюлы-Ағадыр" автожолының 72-73 шақырымында көпірдің тіреуін су шайып кетті. Соның салдарынан көпірдің конструкциясы қирап қалды. Осы көпір бойынша барлық көлік түрі үшін қозғалыс жабылды, белгілер қойылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін кезекшілер бар», - деді көлік және автомобиль жолдары басқармасындағылар.
Қазіргі уақытта айналмалы жолға қажетті материалдар дайындалып жатыр. Қозғалыс республикалық маңызы бар "Ақшатау-Ағадыр-Ортау" айналмалы жолы арқылы жүзеге асырылуда.
Құтқарушылар халықты қауіпсіздік мәселесіне немқұрайды қарамауға шақырады. «Әр адам өз өмірі үшін жауапты. Белгілі бір қағидаларды ұстанса, кез келген жағдайдан сақтануға болады. Барша ауылдықтарға ақпан-наурызда су тасқыны кезеңінде өзін-өзі қалай ұстау қажеттігі туралы жадынама таратылған», деді ТЖД баспасөз қызметі.
Бір айта кетерлігі, соңғы үш тәулікте Қарағанды облысында бірнеше төтенше жағдай болды. 2 сәуірде Қарағанды облысында екі ағайындының жоғалып кеткені жайлы хабарланған болатын.
Cондай-ақ, осыған дейін Қарағанды облысында 14 адам отырған УАЗдың өзенге түсіп кеткені хабарланған еді. Олардың ішінде кәмелетке толмаған үш бала бар. 11 адам көліктен өз бетінше шыққан. Кейінірек сүңгуірлер екі адамның мәйітін тапқан. Олардың кім екені әзірге белгісіз. Тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды облысының құтқарушылары қатты ағын су салдарынан жол жиегіне шыға алмай қалған екі ер адамға жағаға шығуға жәрдемдесті. «Екі ер адам Ақшатау-Павлодар республикалық маңызы бар жол жағасында суда қайықпен келе жатып, судың ағысы қатты болғандықтан жағаға жету қиындай түседі. Оларды ТЖД жедел құтқару жасағының қызметкерлері құтқарды. Олар Көктенкөл кентінің тұрғындары. Оларға медициналық көмек қажет болмады, бірден үйлеріне жеткізілді», - деп хабарлады ТЖД.