Оңтүстік Қазақстан облысында Мақтарал ауданында жерасты сулары көтеріліп, Жетісай қаласындағы үйлерге су кіріп, су сору жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметінен 12 адам мен 3 техника жұмылдырылды.
Шымкентте жаңбырдан көшелер мен аулаларға су толды. Шаһардың төтенше жағдай қызметінен 13 адам мен 3 техникадан құралған топ аулаларды судан тазартты.
Сайрам ауданы мен Отырар ауданында Арыс өзені бойында бөгеттер жасалып, тасқынның алдын алу шаралары жүргізілді. Оған жергілікті тұрғындар мен төтенше жағдай қызметінің 60 адам мен 4 техника жұмылдырылды.
ОҚО-ның су тасқыны болған учаскелерінде су өткізгіш құбыр бар, нығайту жұмыстары жүргізіліп, ескерту белгілері, белгі бағандары қойылды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, демалыс күндері Арыс өзенінің үстіндегі жаңадан салынған көпірдің екі жанын су шайған болатын. Төтенше жағдай қызметкерлері оның себебін Жамбыл облысынан келетін Боролдай өзенінің су деңгейі 40 сантиметрге дейін көтеріліп, Арыс өзеніне көп мөлшерде су жіберілуінен туындаған деп түсіндірді.