Бұл – арбаға таңылса да, еңсесін түсірмей, ел мерейін асырып жүрген қайсар қыздың алғашқы жетістігі емес. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен ХV ашық Азия чемпионатында да тұғырдың ең биігінен көрінген болатын.
«Заринаның армрестлингпен шұғылданып жүргеніне бір жылдан асты. Жеке бапкері Ерсайын Шоқпаров бойжеткенді спорт секциясына жазылуға әзер дегенде көндіргенін айтып еді. Енді, міне, төккен тер, еткен еңбектері еленіп жатыр. Заринаның спортқа деген құлшынысы ерекше. Былтыр бұл чемпионатқа бар болғаны 18 спортшы қатысып еді, биыл олардың саны 87-ге жетті», – дейді еліміздің гір спорты және армрестлинг федерациясының атқарушы директоры Сергей Соколов.
Бұл сайыста Шығыс Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Зарина Примактан бөлек Данияр Тайменов, Сергей Антропов, Владимир Уфимцев, Диас Ескерметов, Тілек Есқожин сынды шығысқазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Облыс құрамасы биыл 5-12 шілдеде Қырғызстанда өтетін Азия чемпионатына қатысады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»